Ақтөбеде күйеу баласына оқ атқан полицей 10 жылға сотталды
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарындасының күйеуіне оқ жаудырған бұрынғы полиция қызметкерін 10 жылға соттады, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот материалдарына сүйенсек, ол қызметтік міндетін тастап, дастарқан басында ішімдік ішкен және табельдік қаруды қолданған. Оқиға 28 наурызда болған. Хромтау аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік инспекторлар тобының көмекшісі, аға лейтенант Райымбек Қалиуллинов сол түні кезекшілікке шығуы керек еді. Ол үстіне форма киіп, Макаров тапаншасын алған, бірақ түске таман қызмет орнынан кетіп қалған.
Үйіне барған соң ол қаруын өзімен бірге алып қалып, жақындарымен ішімдік ішеді. Дастарқан басында Қалиуллинов күйеу баласы Сабыржан Ізбаевтың өз әйелін, яғни полицейдің қарындасын ұрып-соғатынын естиді.
Осыдан кейін аға лейтенант күйеу баласына бағыттап төрт рет оқ атқан. Тапаншада барлығы 16 оқ болған. Жәбірленушіге үш оқ тиіп, төртіншісінде қарудың гильзасы кептеліп қалған. Оқ Ізбаевтың кеудесіне, өкпесі мен бауырына тиген, алайда дәрігерлер оның өмірін аман алып қалды.
Сотта Қалиуллинов жәбірленушіні өлтіру ойы болмағанын айтып, кінәсін ішінара мойындады. Оның сөзінше, сол түні күйеу баласы отырысты жалғастыру үшін оны жұмысқа жібергісі келмей, екеуі жанжалдасқан. Полицей өзіне соққы тиіп, формасы жыртылғанын, ал қаруды соған жауап ретінде қолданғанын алға тартты.
Зардап шеккен жәбірленуші сотта Қалиуллиновке ешқандай шағымы жоқ екенін және оны кешіретінін мәлімдеді. Дегенмен сот оны қасақана кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға соттады. Ол аға лейтенант шенінен айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.
Бұл жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиевке жеке қаулы шығарылды. Хромтау аудандық полиция бөлімінің басшылығы өз қызметкерін қадағаламағаны үшін облыстың бас полицейі мұндай жағдайдың алдағы уақытта қайталанбауын қамтамасыз етуге міндеттелді.
Соңғы жаңалықтар