Ақтөбедегі жарылыс: газ құю бекетінің иесі сотталды
Ақтөбеде газ құю бекетіндегі жарылыстан әйел мен оның 10 және 6 жастағы екі қызы қаза тапқан еді. Отбасы сол күні қалаға сауда жасауға келіп, жолай тұрмыста пайдаланатын газ баллонын толтырмақ болған. Алайда бұл сапар қайғылы аяқталды. Сот үш адамның өліміне әкелген оқиғаға қатысты газ құю бекетінің иесін төрт жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Politico.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 19 маусым күні сағат 22:55 шамасында Ақтөбе қаласындағы Бөкенбай батыр көшесінде орналасқан газ құю бекетінде болған.
Сол күні отбасы Сазды елді мекенінен қалаға зат сатып алуға келген. Олар жазғы асүйде пайдаланатын газ баллонын да толтырып алуды ойлаған. Қалаға жеткізу үшін отағасының бауырынан көмек сұрап, оның көлігімен шыққан.
Алайда бекетте газ баллоны жарылып, хонда автокөлігі өртенген. Өрт сөндірілгеннен кейін салоннан 45-тегі әйелі мен 10 және 6 жастағы екі қызының мәйіті табылған. Рөлде болған 54 жастағы бауырының денесінің 45 пайызын күйік шалған.
«30 литрлік баллонға 40 литрден астам газ құйылған»
Сотта сол күні газ құю бекетінде не болғаны белгілі болды.
Бекетке 20 жастағы жігіт оператор болып уақытша жұмысқа қабылданған. Ол бұл жұмысты WhatsApp арқылы тауып, бір күн істегені үшін 15 мың теңге алуға келіскен.
Алайда кешке шаруасымен кетуі керек болып, орнына 18 жастағы студент інісін қалдырған.
Жәбірленушінің сотта айтқан сөзінше, газ баллонын көліктің жүксалғышынан да шығармаған. Оператор жанармай құю шлангісін жүксалғышқа дейін созып, баллонды сол жерде толтырған.
Ер адамның айтуынша, сыйымдылығы 30 литрлік баллонға әдетте 29 литр газ құйылатын. Бірақ сол күні есептегіш 40 литрден астам көрсеткен.
Мұны байқаған жәбірленуші газ құюды дереу тоқтатуды талап етіп, айқайлаған. Алайда оператор тоқтату батырмасының қайда орналасқанын білмеген.
Ақыры газ құю тоқтатылғанымен, артынша жарылыс болып, көлік отқа оранған.
«Әйелім мен балаларым көлікке қайта отырғанын білмедім»
Сотта қаза тапқан әйелдің күйеуі де жауап берген. Ол жарылыс кезінде әйелі мен балаларының көлік ішінде отырғанын білмегенін айтқан.
«Әйелім балаларымен бірге дәретханаға барған еді. Олардың қайтып келіп, көлікке отырғанын білмедім. Өзім сыртта болдым. Қазір де маған өте ауыр. Сотталушының атынан адамдар келіп, кешірім сұрады. Әйелімнің туыстарымен ақылдасып, оны кешірдім. Ешкімді қайтара алмайсың. Менің тағы үш балам бар. Сондықтан медиациялық келісімге қол қойдым», – деген ол сотта.
Үш жақынынан айырылған ер адам газ құю бекетінің иесін кешірген.
Газ бекетінің иесі 4 жылға сотталды
Сотталушы Ақылбек Нұрғалиев өз кезегінде жәбірленушілерге келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық өтегенін айтқан.
Ол соттан жаза тағайындау кезінде осы жағдайды ескеруді сұрап, марқұмдардың туыстарынан тағы да кешірім өтінген. Сондай-ақ өзін кешіргені үшін оларға алғыс білдірген.
Газ құю бекетінің иесі бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін, ешқашан заң бұзбағанын жеткізген. Оның асырауында кәмелетке толмаған ұлы мен студент қызы бар екені де айтылған.
Сот үкімімен газ құю бекетінің иесі 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.
Үкім жарияланған сәтте сот залынан жылаған дауыстар естілген. Отырысқа сотталушының туыстары да қатысқан.
Соңғы жаңалықтар