Жолбарыс, киік, итбалық және Конституция: Тоқаев Ереванда не айтты
Қазақстанда 70 жылдан бері табиғатта кездеспеген жолбарыс қайтадан еркіндікке жіберілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны еліміз үшін үлкен жетістік деп атап, Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтаруға көмектескен Ресей Федерациясы мен оның президентіне алғыс айтты. Президент мұндай ірі жобаны жүзеге асыруға халықаралық ұйымдардың да зор үлес қосқанын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения астанасы Ереванда өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде айтты.
Президенттің сөзінше, Қазақстанда Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл шілде айында соңғы 70 жылда алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілген. Мемлекет басшысы мұның Қазақстан үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтті.
Тоқаев осы бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясы мен оның президентіне, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына (WWF), басқа да халықаралық серіктестер мен үкіметтік емес ұйымдарға ризашылығын білдірді.
Саммитте Президент Қазақстанның сирек кездесетін жануарларды сақтап қалу және олардың санын көбейту бағытындағы басқа да жұмыстарына тоқталды.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеологияға айналып келеді
Мемлекет басшысы табиғатты қорғау тек экологтардың немесе арнайы мекемелердің міндеті болмауы керектігін айтты. Оның сөзінше, бұл ұстаным Қазақстанның жаңа Конституциясында да көрініс тапқан.
«Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы борышымыз, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент енді азаматтар табиғат пен оның байлығын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті екенін атап өтті. Сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының біріне айналғанын айтты.
Оның пікірінше, табиғатты сақтау елдің экономикалық дамуымен қатар жүруі тиіс.
Осы орайда Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясының маңызына ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, бұл бастама тек көшелерді тазалау немесе қоқыс жинаумен шектелмейді. Ол адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, күнделікті өмір салтына әсер ете бастаған.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады», – деді Мемлекет басшысы.
Каспий итбалықтарының саны бір миллионнан 270 мыңға азайған
Президент Қазақстан үшін өзекті экологиялық мәселелердің бірі Каспий теңізінің тағдыры екенін айтты.
Әсіресе теңізді мекендейтін итбалықтардың азаюы алаңдатып отыр. Тоқаев келтірген мәліметке сәйкес, соңғы бір ғасырда Каспий итбалығының саны бір миллионнан 270 мыңға дейін қысқарған.
Қазір Қазақстанда Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылу қаупі бар жануарлар қатарына ресми түрде енгізілген.
«Таяуда Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырдым. Бұл нәзік экожүйеге орны толмас зиян келтіретін жағдайлардың алдын алу үшін қажет. Әсіресе, Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады», – деді Президент.
Ол Каспий маңындағы бес мемлекетті және халықаралық қоғамдастықты итбалықтарды сақтап қалу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Мемлекет басшысы Арал теңізінің тағдырын да еске салды.
«Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет», – деді Тоқаев.
Қазақстандағы киік саны 4,7 миллионға жетті
Президент елімізде сирек кездесетін жануарларды қорғау бағытында жетістіктер де бар екенін айтты.
Соның бірі – киік санының көбеюі.
Тоқаевтың мәліметінше, қазір әлемдегі киіктердің шамамен 98 пайызы Қазақстан даласында мекендейді.
2003 жылы елімізде небәрі 21 мың киік болса, биыл көктемде олардың саны 4,7 миллионға жеткен.
«Мұз дәуірін өткерген ежелгі жануардың даламыздағы экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы орны ерекше», – деді Мемлекет басшысы.
Президент қар барысының санын қалпына келтіру жұмыстарына да тоқталды.
Оның айтуынша, өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстанда қар барысы құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған. Алайда ұзақ жылдар бойы жүргізілген қорғау жұмыстары мен ғылыми бақылаудың арқасында олардың саны шамамен 190-ға жеткен.
Қазір еліміздегі қар барысы мекендейтін аумақтардың 70 пайызға жуығы қорғалатын табиғи аумақтарға тиесілі.
Тоқаев бұл нәтижеге мемлекеттік органдардың, ғалымдардың және халықаралық серіктестердің бірлескен еңбегінің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстан чех, неміс және мажар мамандарымен бірге Пржевальский жылқыларын қазақ даласына қайта жерсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазақстан сирек жануарларды қорғау үшін халықаралық қор құруды ұсынды
Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев сирек кездесетін жануарларды сақтау ісін халықаралық деңгейде күшейту қажеттігін айтты.
Қазақстан Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау қорын құруды ұсынып отыр. Президент шетелдік серіктестерді осы бастамаға қатысуға шақырды.
Бұған қоса, елімізде он жылға арналған Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық бағдарлама жүзеге асырылмақ. Оның аясында жануарлар мен өсімдіктердің табиғи мекендерін қалпына келтіру, сирек түрлерді қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту көзделген.
Қазақстанда Ұлттық генетикалық биоалуантүрлілік банкін құру жұмыстары да басталған.
Президент биыл сәуір айында Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитті еске салды. Жиын нәтижесінде Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы қабылданған.
Сондай-ақ Каспий жағалауындағы бес мемлекеттің қолдауымен Қазақстан теңіздің су ресурстарын сақтауға арналған халықаралық бағдарлама қабылдауды ұсынған.
Су тапшылығы бір елдің ғана мәселесі емес
Тоқаев табиғатты қорғау мәселесі мемлекеттердің саяси келіспеушіліктерінен жоғары тұруы керек деп есептейді.
Оның айтуынша, шөлейттену, жердің тозуы мен су тапшылығы миллиондаған адамның өміріне әсер етіп отыр. Мұндай экологиялық проблемалар бір мемлекеттің шекарасымен шектелмейді.
«Біз табиғат тартуын болашаққа жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жиналып отырмыз. Яғни күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуі ықтимал өскелең ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік жөнінде сөз қозғадық», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бүлінбеген табиғи жүйелер азық-түлік өндіру, су көздерін қорғау және миллиондаған адамды табыспен қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті.
Оның сөзінше, Қазақстан былтыр БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынған. Бұл бастама Орталық Азия елдеріне ортақ болғанымен, оған басқа мүдделі мемлекеттер де қосыла алады.
Ұйымның басты мақсаты – су қауіпсіздігін күшейту, өзен-көлдер мен сулы-батпақты алқаптарға тәуелді табиғи жүйелерді қорғау.
Табиғатты қорғауға жасанды интеллект қолданылмақ
Президент экологиялық мәселелерді шешуде заманауи технологиялардың мүмкіндігін пайдалануға шақырды.
Оның пікірінше, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект табиғаттағы өзгерістерді бақылауға, ресурстарды тиімді басқаруға және экологиялық қауіп-қатерді алдын ала болжауға көмектесе алады.
Қазақстан осы бағыттағы халықаралық зерттеулер үшін Астанадағы Alem.AI жасанды интеллект орталығын пайдалануды ұсынып отыр.
Бұл орталықта биоалуантүрлілік туралы деректерді талдау, ғылыми зерттеулер жүргізу, ерте ескерту жүйелерін әзірлеу және мамандар даярлау көзделген.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда ашуды ұсынды.
Президенттің пікірінше, мұндай кеңсе Орталық Азия мемлекеттеріне Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасын жүзеге асыруға, ғылыми тәжірибе алмасуға және табиғатты қорғау жобаларын бірлесіп жүргізуге мүмкіндік береді.
Саммит басында Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға қонақжайлық танытып, халықаралық жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.
COP17 аясындағы көшбасшылар саммитінде Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, ЮНЕСКО Бас директоры Халед Әл-Анани, Занзибар Президенті Хусейн Али Мвиньи және басқа да ресми тұлғалар сөз сөйледі.
Қазақстан Президенті табиғатты сақтаудың болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік екенін тағы бір мәрте атап өтті. Оның айтуынша, экологиялық мәселелерді шешу үшін елдер арасындағы нақты нәтижеге бағытталған ынтымақтастық қажет.
Соңғы жаңалықтар