Ақтөбелік депутаттар әйелдерін пайдаланып, мемлекеттің 672 миллион теңгесін жымқырған

25.11.2025 19:28 Арман Ермеков
Ақтөбелік депутаттар әйелдерін пайдаланып, мемлекеттің 672 миллион теңгесін жымқырған
0
798
Фото: ашық дереккөз

Мұғалжар аудандық мәслихатының өкілдеріне аса ірі көлемде алаяқтық жасау, құжаттарды қолдан жасау және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру бойынша айып тағылды. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы бюджеттің 672 миллион теңгесінің қалай заңсыз жұмсалғанын егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды Politico.kz сайты «ҚазАқпарат» ХАА-не сілтеме жасап.

Ақтөбе қалалық № 2 сотында Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасына, депутаттарға және аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушыға қатысты іс қаралды. Судья айыпталушылардың аты-жөнін жарияламау жөнінде шешім қабылдады. Оларға Қылмыстық кодекстің топ болып қылмыстық құқық бұзушылық жасау, алаяқтық, заңсыз жолмен алынған қаражатты заңдастыру және жалған құжаттар жасау баптары бойынша айып тағылып отыр.

Прокурор Темірлан Ибрагимнің мәліметінше «Мұғалжар Отан» серіктестігі 2019 жылы үш құрылтайшымен ашылған болатын. Алайда 2021 жылы құрылтайшылардың бірі саналатын депутат серіктестерінің үлесін иемдену мақсатында жалған хаттама толтырып, құжаттарды ресми тіркеуден өткізген. Осылайша ол «Отан» қоғамдық қорына 81,6 миллион теңге, ал серіктестікке 16 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірді. Қазіргі уақытта оған жалған құжат жасағаны үшін және алаяқтық бабы бойынша жауапкершілік жүктелді.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес бұл депутат Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасымен және аудандық сәулет бөлімі басшысының міндетін атқарушымен қылмыстық сөз байласқан. Мәслихат төрағасы 2020 жылы жалпы ауданы 4 431 шаршы метрді құрайтын бес қабатты ғимаратты «Базис» серіктестігінен небәрі 8 миллион теңгеге сатып алған. Жатақхана саналған нысанды пайдаланып баю жоспары ауданда аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту бағдарламасы басталғанда туындады. Бастапқыда 11 пәтер сатып алуға 105 миллион теңге бөлу жоспарланғанымен, облыстың сол кездегі әкімі Ералы Тоғжановтың шешімімен қосымша 59 пәтер қосылып, жалпы саны 70 пәтерге жеткізілді. Бұл өзгеріс Ақтөбе қаласы мен бірнеше ауданда сатып алынатын пәтерлер санының қысқаруына әкеп соқтырды.

Мәслихат төрағасы мен депутат арасындағы іскерлік байланыс барысында сенімді үшінші тұлға қажет болғандықтан, таңдау депутаттың әйеліне түсті. Депутат Ж. құжаттарды жұбайының атына рәсімдеп, мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуды ұйғарды. Жатақхана ғимаратында заңсыз қайта жоспарлау жұмыстары жүргізіліп, нысан 70 пәтерге бөлінді. 2023 жылы «Жаңа отау» серіктестігі нысанды 832,8 миллион теңгеге бағалаған. Ғимарат техникалық талаптарға сай келмегеніне және газ бен ыстық су жүйесі тартылмағанына қарамастан, депутаттың әйелі конкурс жеңімпазы деп танылды. Нәтижесінде тапсырыс беруші тарап оның есепшотына 672 миллион теңге аударды.

Қаржы қолға тиген соң қаражаттың басым бөлігі, яғни 630 миллион теңгесі мәслихат төрағасының әйелінің есепшотына жіберілді. Ал қалған 42 миллион теңгесін депутат өзіне қалдырып жаратқан. Мәслихат төрағасы түскен қаражатты әйелінің атындағы депозитке салып, одан 67 миллион теңге көлемінде сыйақы түрінде табыс тапты. Тергеу басталған кезде ол ақшаны заңдастыру мақсатында Қандыағаш қаласынан бірнеше жылжымайтын мүлік сатып алған. Атап айтқанда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан 11,7 миллион теңгеге 279 шаршы метрлік нысанды және 9,8 миллион теңгеге пәтер алды. Сонымен қатар мұнай компаниясының хабарландыруы бойынша 123,5 миллион теңгеге аумағы 2 503 шаршы метрлік тағы бір нысанды иемденді.

Мұғалжар аудандық сотының қаулысымен 2023 жылы жасалған келісім заңсыз деп танылып, депутаттың әйеліне 672 миллион теңгені мемлекетке қайтару міндеттелді. Бұған ғимаратты қайта жоспарлау құжаттарының жоқтығы және актінің дер кезінде жасалмауы себеп болды. Бес қабатты ғимарат құжат бойынша әлі күнге дейін жатақхана ретінде тіркелген. Қабырғаларды бұзу және қайта құру кезінде техникалық талаптар сақталмаған, ал аудандық бөлім басшысы мен мәслихат төрағасы бұл кемшіліктерді біле тұра қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий