Ақтөбелік полицей әйелге сот өз күйеуіне жақындауға тыйым салды

09.09.2026 18:15 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақтөбелік полицей әйелге сот өз күйеуіне жақындауға тыйым салды
59
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Ақтөбеде сот полицей әйелге бір ай бойы өз күйеуіне жақындауға және хабарласуға тыйым салды, деп хабарлайды Hronika.kz басылымы.

Оқиға 1 қыркүйекте полиция қызметкерлері болып табылатын ерлі-зайыптылар арасында болған. Ақтөбе қалалық полиция басқармасының аға лейтенанты 102 нөміріне өзі қоңырау шалған. Ол күйеуінің қол жұмсап, баспалдақтан итеріп жібере жаздағанын айтып шағымданған.

Шақыртумен келген әріптестері хаттама толтырып, күйеуін сараптамаға алып кеткен. Ол түнді досының үйінде өткізген. Ертеңіне ер адам әкімшілік сотқа барған. Онда әйелі де полиция формасымен келген. Күйеуі сотта жанжал кезінде ұялы телефонына түсіріп алған видеоны дәлел ретінде көрсеткен.

Бейнежазбада әйелдің балағат сөздер айтып, күйеуін шымшымақ болғаны анық көрінген. Сондай-ақ шағымданушының денесінде ешқандай жарақат немесе көгерген іздер болмаған. Көршілері де сол кеште олардың бөлмесінен ешқандай айқай-шу естімегенін растаған.

Осыдан кейін судья құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ер адамға қатысты істі тоқтатты. Сот учаскелік инспекторға 102 қызметін шақырған әйелдің өзіне қатысты хаттама толтыруды тапсырған. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы балағаттау, қорлау және тыныштықты бұзу сияқты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікті көздейді. Мұндай әрекеттер үшін ескерту немесе 3 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Сот полицей әйелді кінәлі деп тауып, оған ескерту жасады. Оған қоса сот тарапынан арнайы қорғау ұйғарымы шығарылған. Құжатқа сәйкес аға лейтенантқа бір ай бойы жәбірленуші күйеуіне жақындауға қатаң тыйым салынған. Ол адамның еркінен тыс іздеуге, қудалауға немесе баруға құқылы емес.

Сонымен қатар күйеуіне қандай да бір зорлық-зомбылық көрсетуге немесе телефон арқылы сөйлесуге болмайды. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы немесе басқа адамдар арқылы байланысуға да шектеу қойылған. Қорғау ұйғарымы құжатқа қол қойылған сәттен бастап 30 тәулік бойы күшінде болады.

Енді полицей әйел міндетті түрде профилактикалық есепке алынады. Инспекторлар оның тәртібін және тұрғылықты жерін 7 күнде кемінде бір рет тексеріп тұруға міндетті. Талап бұзылған жағдайда айыппұл немесе әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Ақтөбе полициясының басшылығы мұндай бұзушылық үшін қызметтен шығаруы мүмкін еді, алайда аға лейтенантты жұмысынан босатпау туралы шешім қабылданды.

Войдите, чтобы оставить комментарий