«Aqyl» депозиті: мемлекеттік сыйақы алу үшін ата-аналар не істеуі керек?
Қазақстандағы көптеген ата-ана мемлекеттің балаларға арналған арнайы қаржылай қолдауынан әлі күнге дейін бейхабар. Бес жасқа толған әрбір бүлдіршіннің шотына қазынадан қомақты қаражат түсуі мүмкін. Бұл туралы «Отбасы банкінің» бағдарламалар жөніндегі сарапшысы Меруерт Threads әлеуметтік желісінде бөлісті, деп хабарлайды Finratings.kz.
Маманның айтуынша, басты талап – «Aqyl» білім беру депозитін ашу. Егер балаңыз 5 жасқа толған болса, мемлекет оның болашақ оқуы үшін бастапқы жарнаны өзі құйып береді. Бұл қайтарымсыз, су тегін берілетін сыйақы.
Берілетін сома баланың әлеуметтік санатына қарай екіге бөлінеді:
- Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға – 472 000 теңге;
- Ал қалған барлық санаттағы балаларға – 236 000 теңге беріледі.
Бұл жүйе ақша жинаудың ең тиімді тәсілі саналады. Себебі жинаққа банктің пайызы ғана емес, мемлекеттің жыл сайынғы сыйақысы да үстемеленіп отырады.
Алайда, шотты ашып, сыйақыны алып қана қою жеткіліксіз. Оны тірі ұстап тұрудың маңызды шарттары бар. Сарапшылар ата-аналарға 2025 жылдың соңына дейін үлгеру керектігін қатаң ескертеді.
Мемлекеттік сыйақы күйіп кетпес үшін және ақша өсуін тоқтатпас үшін, жыл сайын міндетті жарна салу қажет. Биылғы меже – 12-ден 24 АЕК аралығы. Яғни, жыл аяқталғанша шотқа 47 184 теңгеден 94 368 теңгеге дейін қаражат салып үлгерген жөн. Егер бұл шарт орындалмаса, отбасы мемлекеттік қолдаудың бір бөлігінен қағылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар