Ақылы жолдардан түскен миллиардтаған ақша қайда жұмсалды?
Үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақылы жолдардан 87 млрд теңге түскенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазіргі таңда ел аумағында жалпы ұзындығы 4 мың 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі бар.
Оның айтуынша, биыл ұзындығы 2 мың шақырым болатын 6 жаңа учаскені іске қосу жоспарланып отыр. Олар:
- «Қарағанды–Балқаш–Бұрылбайтал» (554,6 км)
- «Бұрылбайтал–Күрті» (226,4 км)
- «Ақтөбе–Қандыағаш–Мақат» (89 км)
- «Талдықорған–Өскемен» (773 км)
- «Атырау–Астрахань» (277 км)
- «Мерке–Шу–Бұрылбайтал» (78 км).
«Азаматтардың өтініші бойынша ақылы жолдармен жүру үшін ақы төлеу мерзімін 7 күннен 30 күнге дейін ұзарту нормасы енгізілмек, тиісті түзетулер уәкілетті органдарда келісілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ақылы жолдардан 87 миллиард теңге жиналды және бұл қаражат толығымен ақылы учаскелерді күтіп ұстауға бағытталды (2024 жылы – 48 млрд теңге). Мәселен, ақылы учаскелерден түскен табыс 1 456 мамандандырылған техника мен жабдық сатып алуға, 354 мың шаршы метр жол төсеміне жөндеу жүргізуге, сондай-ақ 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материалдарды пайдалануға жұмсалды», – дейді Иманашев.
Оның айтуынша, ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазіргі таңда 14 учаскеде (477 км) жалпы көлемі 1 млн 100 мың шаршы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұмыстары биылғы жол-құрылыс маусымында қолға алынады.
Соңғы жаңалықтар