Ақын Гүлзада Ниетқалиева өмірден өтті
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлзада Ниетқалиева 61 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Гүлзада Ниетқалиева 1966 жылы 1 маусымда Атырау облысы Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында дүниеге келген. Гурьев педагогика институтының тарих факультетін бітірген. Филология ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ақын 1987-2000 жылдары Құрманғазы ауданындағы мектептерде сабақ берді. Кейін журналистикаға бет бұрып, 2000-2005 жылдары Атырау облыстық телевизиясында, 2005-2007 жылдары «Ақ Жайық» апталық газетінде аға редактор болды. Сондай-ақ «Қайсар» газетінің бас редакторы, облыстық «Атырау» газетінің мәдениет, білім және денсаулық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Гүлзада Ниетқалиева әдебиетте де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның «Ақбота күнді аңсаумен», «Айдың сүттей сәулесі», «Қарлығашы Қиғаштың», «Ардақтым», «Жүректегі жанартау», «Хазар қасидалары», «Аллажар» атты жыр жинақтары жарық көрген.
Ақын Есенғали Раушановтың шығармашылығына арналған «Тұма жырдың тұнығы», жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев туралы «Дара» және «Жалғыз атты жолаушы» монографиялық еңбектерін жазған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды.
Қазақстан Жазушылар одағы марқұмның отбасы мен жақындарына, оқырмандарына көңіл айтты.
Гүлзада Ниетқалиева 2003 жылы ЮНЕСКО аясында аталып өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай «Махамбет-200» телехабарлар топтамасын жүргізіп, «Қарой қасіреті» дастанын жазған. Ал 2017 жылы оның Жаратқанға мінәжат еткен «Жүректегі иман гүлі» атты дастаны Ұлыбританияда жарық көрді.
Соңғы жаңалықтар