Ауыр жол апатында екі аяғынан айырылған Талғатқа протез салуға дайындық басталды
Астана – Павлодар тасжолындағы жол апатынан екі аяғынан айырылған 21 жастағы Талғат Емелдің қайта жүруге мүмкіндігі бар, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Талғаттың әпкесі Гүлсім әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, інісі қазір протез салдыруға белсенді дайындалып жатыр.
Жақында Талғатты Астанадағы Ottobock орталығының протездеу маманы Арман тексерген. Маман жігіттің денсаулығында оң өзгерістер барын айтып, алдағы уақытта протездің көмегімен өздігінен жүре алатынына үміт білдірген.
«Талғаттың сауығу жолындағы тағы бір маңызды кезең басталды. Біз протез салдыруға дайындықты қолға алдық. Маманның алдын ала бағалауынша, денені тік ұстауға бейімделу, протезге дайындалу және қайта жүруді үйрену шамамен екі жылға созылуы мүмкін. Алда ұзақ әрі күрделі жол күтіп тұрғанын түсінеміз», – деп жазды Гүлсім.
Қазір Талғат үйінде оңалтудан өтіп жатыр. Онымен күн сайын арнайы маман жұмыс істейді. Жігіт емдік жаттығулар жасап, массаж қабылдайды. Бұл шаралар бұлшықеттерін нығайтып, денесін протезге дайындауға бағытталған.
Еске салайық, биыл мамыр айының соңында Талғат Емел Астанадан Павлодарға Hyundai Tucson көлігімен қайтып келе жатқанда ауыр жол апатына ұшыраған. Көлік тасжолдағы темір қоршауға соғылған. Салдарынан студент ауыр жарақат алып, клиникалық өлімді бастан кешірді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалғанымен, екі аяғынан айырылды.
Көлік тізгінінде Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың 22 жастағы ұлы Ердәулет Закиров болған.
Апаттан кейін полиция жол қозғалысы ережесін бұзып, адам денсаулығына ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда 16 қыркүйекте рақымшылық туралы заңға сүйеніп, тергеуді тоқтатты.
Бұған Талғаттың туыстары келіспей, шешімге шағымданған. Кейін қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күші жойылып, тергеу қайта басталды.
Бұған дейін Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев жол апаты кезінде көлікті ұлы басқарғанын растаған. Ол зардап шеккен жігіт пен оның отбасына жанашырлық білдіріп, тергеу жұмысына араласпайтынын айтқан.
Соңғы жаңалықтар