Арғын Нығматулин Португалияда жасырынып жүр

20.03.2026 10:40 Арман Ермеков
Арғын Нығматулин Португалияда жасырынып жүр
405
Фото: ашық дереккөз

«Выход к морю» Telegram-арнасы тергеуден қашып жүрген Арғын Нығматулиннің Португалия елінде жасырынып жүрген болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Арнаның мәліметінше оның әйелі Найле Бельбаева Мальтада 2004 жылы тіркелген Heartwood Limited компаниясы арқылы Португалияның оңтүстігінде орналасқан құны шамамен 3 миллиард теңгелік зәулім үйге иелік етеді.

Бұл жылжымайтын мүлік Картейра курортты қалашығының шетіндегі қасиетті бұлақ аумағында орналасқан. Жиырма бес мыңдай ғана тұрғыны бар бұл мекен ірі Лагош қаласынан бір сағаттық, ал астанасы Лиссабоннан үш сағаттық жерде жатыр. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері байлар демалатын орын саналатын аймақта көгілдір тумен марапатталған жағажайлар, термалды бұлақтар мен гольф алаңдары бар. Бұрын бұл жерде хаузы мен бағы бар ескі үй болған, алайда 2017 жылы оны бұзып, орнына заманауи хайтек стиліндегі вилла салған.

Нығматулиндер отбасы өз қауіпсіздігін ойлап, үйдің бейнесін ғаламтордағы панорамалық карталардан жасырып тастаған, бірақ бұрынғы кеңес елдерінің байларына тән өте биік қоршауды байқауға болады.

Еске сала кетейік, облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты әрі «Сарыарқа» хоккей клубының экс-директоры Арғын Нығматулинге бюджет қаражатын жымқырды, сыбайлас жемқорлыққа барды және рейдерлік жасады деген күдікпен бір жылдан астам уақыт бұрын іздеу жарияланған. Биыл ақпан айында Бас прокуратура оны ұстау үшін Түркияға арнайы сұрау салғаны белгілі болды. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Мәжіліс төрағасы қызметінен кеткен, бұған дейін Президент әкімшілігін басқарған белгілі саясаткер Нұрлан Нығматулиннің туған ағасы.

Бұдан бөлек іздеудегі экс-шенеуніктің отбасы Дубайда құны 170 миллион теңге тұратын пәтерге иелік етеді. Сонымен қатар Алматының Медеу ауданындағы элиталық ауданда әйелінің атына жазылған мүлік бар, оның терезесі қазір мемлекет меншігіне өткен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы резиденциясына қарап тұр. Бұл тұрғын үй кешенінде олардың көршілері ретінде інісі Ерлан Нығматулиннің әйелі Бақыт Серікбаева мен Болат Назарбаевтың қауіпсіздігіне жауап беріп, кейін ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін 15 жылға сотталған Елдос Қаспаев тұрған.

Арнаның жазуынша Еуропадағы мұндай жылжымайтын мүлік қашқындар үшін тек ұрланған ақшаны сақтайтын орын емес, өз бастарына да қауіпсіз пана болатынын айтады. Егер күдікті шынымен Еуропада жасырынса, оны Қазақстанға қайтару ісі қиындап кетуі мүмкін. Өйткені ресми Астана бұған дейін Мұхтар Әблязов пен Виктор Храпуновты қайтара алмай келеді. Оған қоса жақында ғана Германияда ұсталған бұрынғы қаржы полициясы мен прокуратураның жоғары шенді офицері Мақсат Дүйсеновтің де саяси баспана сұрауына байланысты елге қайтарылмағаны осындай процестердің ұзақ жылдарға созылатынын көрсетеді.

Айта кетейік, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Асқар Маминнің туыстарынан шетелде қымбат мүлік табылған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий