Арыс тұрғыны сәбиінің шетінеп кеткеніне дәрігерлерді кінәлап отыр

10.04.2026 09:00 Әсел Мұрат
Арыс тұрғыны сәбиінің шетінеп кеткеніне дәрігерлерді кінәлап отыр
239
Фото: видеодан скрин

Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны құрсағындағы шақалақтың шетінеп кеткеніне дәрігерлерді кінәлайды, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

38 жастағы келіншек алтыншы баласына айы-күні жетіп, перзентханаға өз аяғымен барған. 

Бірақ ақ халаттылар толғағым тоқтаған кезде босану бөлмесінде жалғыз қалдырып кетті деп күйінеді. 

Кесарь тілігін жасауын жалынып сұрағаныма да көңіл аудармай, ақыры іштегі бала жатырды жарып, жан тапсырды деп отыр. 

Арыс қаласының тұрғыны Жазира Төлежанова қараша айын қорқынышпен еске алады. Бар сұмдық толғағы келіп, алтыншы перзентін облыстық перзентханаға босануға барғанда басталды дейді. Бұған дейінгі бес баласын өз күшімен туған әйел бұл жолы шақалақтың өздігінен өмірге келмейтінін сезіпті. 

«Кесарь тілігін жасаңдаршы деп айтқанымда дәрігер маған толғағың тоқтаса қайтадан күтеміз деді. Сөйтіп тұрған кезде бала қабырға тұсымнан екі рет қатты тепсініп, қимылдады. Бала сол тұншығып іште ең соңғы қимылы болған да. Баланың басы төмен түссін деді да санитарка да, акушерка да, дәрігер де менің жалғыз өзімді тастап өздері сыртқа шығып кетті», - дейді Жазира Төлежанова

Іште жатқан бала анасын тепсінгенде жатырды жарып жіберген екен. Сөйтіп, қан кетіп, келіншектің сөзіне мән бермеген дәрігерлер ақыры кесарь тілігін жасаған дейді. Бірақ өмірге келуге қанша арпалысқанымен шарананың мойнына кіндігі байланып, өлі туылған. 5 жыл күткен сәбиден бір сәтте айырылдым деген ана дәрігерлер сол күйі жазаланбады деп ашынады.  

«Мені босандырған дәрігер. Сол кісінің салғырттығы. Білімсіздігі деп те айтамын. Дәрігер және акушерка өздеріне тиесілі жазасын алса деймін. Дәрігерді жұмыстан шығарыпты. Бірақ өз еркімен. Ол ертең кез-келген жерге барып, жұмысқа орналаса алады. Менен кейінгі басқа да келіншектер қорықпай барса екен деймін», - дейді Жазира Төлежанова

Ал перзентхананың өкілдері жүкті әйелге тиісті ем-дом көрсетілді деп өздеріне шаң жуытпады. 

«Балпақтай баланы жоғалту ол қиын нәрсе. Жазира қазір жала жауып, Жазира жаман әрекетке барып жатыр деп ойламаймын. Өзіміздің басымызға түскенде қалай әрекет жасайтынымызды. Бізде клиникалық протокол бар. Біз жатырында тыртық бар әйелдерді босандырамыз. Әйелдер босанып жатыр. Ол Баймахамбетов деген дәрігер де кеше келген, тәжірибесі жоқ дәрігер болса бір жөн. Ол білікті дәрігер», – дейді №2 облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Эльмира Қожахметова. 

38 жастағы Жазира Төлежанова полицияға да арыз жазған. Бірақ бес ай өтсе де тергеу әлі аяқталмапты. Әділдікке қол жеткізе алмай жүрген әйелдің жатырына зақым келген. Сондықтан ол медицина мамандарының салғырттығынан енді сәби сүюуім екіталай деп қынжылады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий