Асан Пердешов ажырасуы туралы: Кінә екеуімізден де болды
Танымал әнші Асан Пердешов екінші жары туралы сөз қозғап, отбасылық өмірдегі алғашқы қиындықтар мен жоқшылыққа бірге шыдаған жарының төзімділігін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы әнші «Кездесу» бағдарламасында айтты.
«Бірінші көрген кезде-ақ оның жүзі өте жылы болып көрінді. Одан кейін де оны байқап жүрдім. Гастрольдік сапарларда жүргенде де оның шынайылығын, тазалығын, жүрегінің ақтығын – бәрін байқап жүретінмін. Бірақ мен ол кезде «осы қызды жар етемін» деп мүлде ойлаған жоқпын. Кейіннен келе ойланып: «Алла Тағала көкейіме салды ма, ақыры студент болған екен, осы қыздың өзін жар етсем қалай болады?» деген ой келді. Содан сұрап едім, ол да «жоқ» демеді. Сонымен гүл алып, кәдімгідей құда түсіп, сырға салып, ата-анасының батасы мен разылығын алып келдім», – деді Асан Пердешов.
Ары қарай ол отбасындағы жазылмаған ережелер туралы сөз қозғады. Әншінің айтуынша, ерлі-зайыптылар арасында «сіз» деп сыйластық таныту және қаржыны бірге үнемдеп, саяхатқа жоспарлы түрде қаражат жинау сияқты берік ұстанымдар қалыптасқан.
«Біздің махаббатымыз отбасын құрғаннан кейін басталды деп ойлаймын. Үйленгеннен кейін көптеген тәтті сезімдерді бастан өткердік. Оған дейін де бір-бірімізге деген жаман ойымыз болған жоқ, жүрегіміз таза болды. Мен де оның биязылығын, болмысын жақсы көріп, ұнаттым. Ал отбасы болғаннан кейін сезіміміз бұрынғыдан да күшейе түсті. Отбасы болған соң, ол да қиындықтарға көнді, жоқшылыққа да шыдады. Басында таршылық көрдік, карантин кезеңін де бірге өткердік. Осының бәрінен өтіп, қазір, құдайға шүкір, шетелге саяхаттап шығып жүрміз. Шетелде жүргенде: «Жылына бір елге барамыз» деп алдымызға мақсат қойдық. Бәріміз ішін тесе алмайтын үлкен бір жинақ банкісін тауып алып, үстін пышақпен тесеміз де, тиын салып отырамыз. Ол дүкеннен келсе, артылған тиындарды салады, мен де саламын. Қағаз ақшаларды да саламыз. Сол толған кезде тура баратын уақытымыз болып қалады. Жаңағы қаңтар, ақпан айларындағы менің бос кезіме, яғни «өлі кезеңге» тура келеді. Содан кейін банкіні жарып, санаймыз. Тура турагенттікке екі адамға жететін билеттің ақшасы шығады. Сөйтіп екеуіміз қол ұстасып шетелдерге барып жүрміз. Осы тәтті сезімдерді біз үйленгеннен кейін бастан кешіріп жатырмыз», – деді Асан Пердешов.
Ары қарай ол бірінші некесінің не себепті ажырасумен аяқталғанын түсіндірді. Әншінің айтуынша, бұл жағдайға жалғыз бір тарап емес, екеуінің де жастығы мен тәжірибесіздігі себеп болған.
«Жас мәселесіне келетін болсақ, оның да өзіндік орны бар сияқты. Әр нәрсенің екі жағы болады ғой: жақсы жағы және жаман жағы. Жақсы жағы – ол саған «сіз» деп тұрады. Сені «сіз» деп сыйлап тұрған адамға қалай ауыр сөз айтасың? Оны тек еркелетіп, гүл сияқты аялау керек деп ойлаймын. Ал кейде өмірлік, терең мағыналы дүниелерді айтқың келсе, ол сәл балалық мінез танытып жатады. Сондай кездерде сәл келіспей қаласың, бірақ жалпы бәрі жақсы. Бірінші отбасымда кеткен қателіктерге келсек, жалғыз оны немесе өзімді кінәлі деп ойламаймын. Ол екеуімізден де болды, ол кезде екеуіміз де жас едік. Содан кейін «өте жас кезде үйленудің қажеті жоқ» деп ойлаймын. Кішкене ес тоқтатып, ақыл тоқтатып барып үйленген дұрыс. Мұқағали Мақатаевтың: «Үйленсең – өзің құрисың, үйленбесең – ұрпағың құриды» деген жақсы сөзі бар ғой. Бұл сөз жайдан-жай айтылмаған. «Үйленсең – өзің құрисың» дегені – егер сен өзіңді ұрпағың үшін құрбан етуге дайын болсаң ғана отбасын құрғаның дұрыс. Ал егер оған дайын болмасаң, біреудің өмірін қор қылудың қажеті жоқ. Мен осылай түсіндім. Бірінші отбасымда екеуімізден де қателіктер болды. Арада депрессияны бастан өткерген кезде мен екінші рет үйленуге қатты дайындалдым. Келесі отбасын құрар кезде өзіме: «Мен соған дайынмын ба? Егер тағы біреуді алсам, мінезі осындай болса, қалай болады? Осының бәрін көтере аламын ба, отбасын сақтап қалуға күшім жете ме?» деген сұрақтарды қойдым. Соның бәріне іштей дайын болған кезде ғана үйлендім», – деді Асан Пердешов.
Соңғы жаңалықтар