Асхат Асылбеков: Олигархтар байып жатыр, ал 9 млн халық банктің құлы

07.09.2026 12:07 Томирис САҒЫНДЫҚ
Асхат Асылбеков: Олигархтар байып жатыр, ал 9 млн халық банктің құлы
102
Фото: Асхат Асылбековтың фейсбук парақшасынан

Қазақстанда екінші деңгейлі банктердегі депозит көлемінің артуы мен халықтың несиеге тәуелділігі ел экономикасының жүйелі мәселелерін айқындап берді. Қоғам белсендісі, саясаткер Асхат Асылбековтің айтуынша, азаматтардың өз қаржысын отандық бизнеске құймай, пайызы жоғары депозиттерде ұстауы елдегі кәсіпкерлікке деген сенімсіздікті көрсетеді. Салдарынан тұтынушылық несиелеу белең алып, өңдеуші өнеркәсіптің орнына импорттық тауарлар мен отандық емес өндірістер қаржыландырылып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Асхат Асылбеков "Қасқа жол" арнасындағы сұқбатында әңгімеледі.

«Соңғы уақытта депозиттердегі қаражат көлемі көбейген. Әрине, халық не үшін бұлай істеп отыр? Өйткені экономикаға сенім жоқ, кәсіпке де сенім жоқ. Қаншама адамдар бизнес ашып, соңында банкрот болып отыр. Ал бізде спекулятивті экономика болып тұр. Екінші деңгейлі банктер депозит тарту үшін жоғары пайыз қояды. Жоғары депозит қойғаннан кейін, мысалы, 14 пайыз, 15 пайыз, тіпті 17 пайызға дейін көрдім. Әрине, қарапайым адамға ол ынғайлы. Алды да өзінің, тіпті 1 миллион теңгесі болсын, алады да, бір жылдан кейін 170 мың теңге қосылып, 1 миллион 170 мың теңге болады. Оған жақсы, тәуекелі аз, банк кепілдік береді», — деді Асхат Асылбеков.

Депозиттік капиталдың өсуіне қарамастан, жиналған қаржы нақты өндіріске бағытталмай, жоғары пайыздармен тұтынушылық секторға берілуде. Бұл банктердің табысын арттырғанымен, халықтың қарыз жүктемесін ұлғайтып отыр.

«Бірақ ол экономикаға жаман. Ол, айтқандай, бос жатыр. Банктер оны үлкен жоғары пайызбен несие қылып бергенде, ол ешқандай көмек болмайды. Тек алып-сату, сауда, тіпті болмаса, жарамсыз, есірткі ме, қару-жарақ па, басқа өнеркәсіп оны көтере алмайды, шыдай алмайды. Сол үшін, бағамдап қарасақ, біздің бағытымыз дұрыс емес. Халықты осы қақпанға тартып алды да, «пайдаланасыңдар» деді. Демек, тек үкімет емес, халық та соған қатысып отыр. Олар бизнеске ақшасын құйғанның орнына оны банкке беріп отыр. Ал банктерді қарасаңыз, қызыл банк, жасыл банк деп, басқа банктердің аттарын айтпай-ақ қояйын, жыл сайын олар есеп береді. «Анау миллиардердің осынша миллиардқа жеке байлығы көбейіпті, ана миллиардердің жеке пайдасы көбейіпті» дейді. Банктер семіріп жатыр, олигархтар байып жатыр. Ал халықтың банктер алдындағы құлдығы 9-10 миллионға жетті. Бізде 20 миллион халық болса, 7 миллион бала болса, 13 миллионның 9-10 миллионы банктің алдында құл. Оны «кредиттік құлдық» дейді», — деді Асхат Асылбеков.

Сонымен қатар, халық арасында бөліп төлеу мен тұтынушылық несиелердің кең таралуы ішкі өндірісті емес, сырттан келетін дайын тауарлар импортын қаржыландыруға ықпал етеді.

«Әрбір адамда бірнеше кредит бар шығар, бөліп төлеуге алған. Былай қарасаң, жеңіл сияқты. Ал сол бөліп төлеуге алған, мысалы, мына телефонды алдың, немесе мына студияны, мына микрофонды сатып алдың. Ол қайдан келіп отыр? Қазақстанда емес. Демек, біз халық ретінде бірдеңе сатып аламыз да, біреудің экономикасын дамытып отырмыз. Бәрі — импорт. Біз біреудің экономикасын дамытып отырмыз», — деді Асхат Асылбеков.

Отандық өндірістің дамымауы және тұрмыстық бұйымдардан бастап құрылыс материалдарына дейін сырттан тасымалдануы елдің шикізатқа тәуелділігін айқындайды.

«Неге осы микрофонды біз Қазақстанда жасамаймыз? Неге мына телефонды Қазақстанда жасамаймыз? Тіпті мына үстелдің материалы шетелден келген. Материалды шетелден әкеледі де, осы жерден аралап жасайды, болды. Тіпті мына жердегі едендегі кілем болсын, артыңдағы жасыл пластикалық гүл тұр, оның бәрі Қытайдан келген заттар. Біз біреудің экономикасын байытамыз. Ал қай ақшаға? Ол — мұнайдың ақшасы. Ертең мұнайдың ақшасы біткенде, біз кедей мемлекет болып кетеміз», — деді Асхат Асылбеков.

Войдите, чтобы оставить комментарий