Асхат Асылбеков: Шенеунік қанша ақылды болса да, халықтан жоғары емес
Саясаткер Асхат Асылбеков Парламент өкілеттігі, партиялық тізімдер және билік пен халық арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне қатысты өз бағасын берді. Сарапшы бұрынғы және қазіргі депутаттардың қызметін салыстыра отырып, заң шығарушы органның сапалық құрамы мен жауапкершілігіне тоқталды. Сонымен қатар ол саяси жүйедегі ротация принципі мен халық мүддесінің үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы саясаткер "Қасқа жол" подкастында әңгімеледі.
Сарапшы Парламенттің бұрынғы құрамы мен жаңадан жасақталған депутаттық корпустың белсенділігіне талдау жасады.
«Өткен Парламентте аты шыққан Базарбек, Ринат немесе басқа да жігіттердің артынан сын айтылса да, олар өз ойын және халықтың мүддесін жеткізе алды деп санаймын. Мүмкін 100 пайыз олай емес те шығар, өйткені Ермұратқа да, басқаларға да халық тарапынан біраз сын айтылды. Бірақ ол азаматтардың белсенділігі үкіметке ұнамай қалды. Ал бұл — дұрыс емес. Бір жағынан, олармен салыстырғанда мына Ұлттық құрылтай мүшелері сәл осалдау болып көрінеді. Дегенмен кез келген іс бір күнде басталады ғой. Кімнің мықты, кімнің мықты емес екенін тек атқарған жұмысы көрсетеді. Бір-екі айдан кейін бұл 145 депутаттың арасында белсенді, білімді, ақылды адамдардың бар-жоғын көреміз. Ал 3-4 сөйлемді жаттай алмаған адамдардан не күтуге болады? Демек, айтылып жатқан сынның негізі бар», — деді Асхат Асылбеков.
Сонымен бірге Асхат Асылбеков саяси партиялардағы ротациялық процестердің уақытылы жүргізілуі халықтың билікке деген сенімін сақтаудың басты шарты екенін жеткізді.
«Әрбір партияда ротациялық жүйе бар ғой, сол тізім бойынша адамдарды ұзаққа созбай ауыстырып отыру керек. Адамдарды партиялық тізім бойынша ауыстырған дұрыс. Өйткені халық кімнің партияға қалай кіргенін көріп отырады. Бұлай болмаған жағдайда, халықтың билікке деген аздау сенімі одан ары төмендеп кетеді. Сондықтан халықтың ызасына тимеу керек, себебі жұрт бәрін көріп, біліп отыр. Ешкім де халықтан жоғары бола алмайды», — деді Асхат Асылбеков.
Сөз соңында саясаттанушы Конституция талаптарына сәйкес биліктің бірден-бір бастаушысы халық екенін айтып, кез келген мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігіне баса назар аударды.
«Сол себепті «халық сондай» деп кінәлаудың керегі жоқ. Кейбір белгілі адамдар халықты «маргинал» немесе «әлеуметтік аутсайдер» деп неше түрлі атап жатады. Мен мұндай сөздермен мүлде келіспеймін. Қанша жерден ақылды саясаткер немесе шенеунік болса да, ол халықтан жоғары тұра алмайды және халыққа адал қызмет етуі тиіс. Кейбіреулер бұған күліп, «Конституция — жай декларация» деуі мүмкін, бірақ Конституция бойынша биліктің бірден-бір иесі — халық. Сол үшін әрдайым халықты ойлап, халықтың мүддесіне жұмыс істеу керек», — деді Асхат Асылбеков.
Соңғы жаңалықтар