Саят Медеуов: Көлікті жақсы көремін, ішінде жылап алуға болады
Танымал әнші Саят Медеуов өзінің көлікпен сапарға шығуды неліктен жақсы көретінін айтып берді. Ол ұзақ жол үстінде келе жатқанда қандай ойларға бататынын және оның адам психологиясына қалай әсер ететінін ашық баяндады. Сонымен бірге өнер иесі көліктерге деген ерекше көзқарасы мен ата-анасына деген құрметі туралы сыр шертті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы әнші "Мың бір түн" бағдарламасында әңгімеледі.
Оңашада сапар шегу адамды өткенге көз жүгіртіп, өмірлік сабақтарды таразылауға жетелейді. Саят Медеуов мұндай сәттердің жанды сергітіп, ерекше әсер сыйлайтынын атап өтті.
«Мен көлікпен жүргенді жақсы көремін. Өйткені жолда ойланасың, толғанасың, әртүрлі дүниені, өткен күніңді еске аласың. Кейде жылағың келсе, жылап та аласың. Көліктің бір жақсы жері — ойлануға мүмкіндік береді. Жаныңды сергітеді, өткен күніңді еске алып, сабаңа келесің. Жолдағы бейіттерді көргенде: «Ертең мен де осылай жатам-ау, дәл осылай біреу бейітімді сипап өтсе, маған да құрмет қылар ма екен?» деген ойға батасың. Меніңше, жол адамның бойындағы ауырлықты алады. Жол жақсы нәрсе», — деді Саят Медеуов.
Әнші сапарға жиі шығатындықтан, еліміздегі автожолдардың сапасы мен ыңғайлылығына да тоқталды. Оның айтуынша, бұрынғымен салыстырғанда қазір қалааралық қатынас едәуір жақсарған. Сонымен қатар ол ұзақ сапарда жүргенді ұшақтан немесе пойызбен жүргеннен артық көретінін айтты.
«Қаланың ішінде немесе ары-бері жүргенде біреумен ұрысып, жүргізуге кедергі жасамайсың ғой. Алматыдан көбіне көлікпен келемін. Жол өте әдемі әрі жақсы. Шынымды айтайын, осындай жолмен жүргеніме ризамын. Бұрын мұндай жолмен жүреміз деп ойламаппыз, тәубе», — деді Саят Медеуов.
Бұдан өзге өнер иесі өз өміріндегі көлік таңдау ұстанымы мен темір тұлпарға қатысты басынан өткен қызықты оқиғасын бөлісті. Кезінде көлікті жиі ауыстыруының артында ата-анасын қуанту сияқты перзенттік арманы жатқанын жасырмады. Бүгінде ол су жаңа көлік қумаса да, өзіне ұнаған бұрынғы көлігін қайтарып алуға тырысқан қызықты сәтін еске алды.
«Мұның алдында көлікті жиі ауыстыратын едім. Әке-шешемнің көзі тірісінде көлікті жиі жаңартатынмын. Өйткені ол кісілерді қуанту мен үшін үлкен бақыт болатын. Ол кісілер өмірден өткеннен кейін аздап саябырлап қалдым. Дегенмен мен жаңа көлік мініп, керемет шалқымаймын. Ескі көлікті айналдырып, өзім ұнатқан көлігімді іздеп, қайтадан сатып аламын. Өзің ұнатқаннан кейін оған амал жоқ, аман-есен айдай бересің. Кезінде сатқанда: «Сен бұның қадірін білмейсің, алмай-ақ қойшы» десем де, қоймай алып еді. Алайда кейін олар оны біреуге сатып жіберіпті. Қайтадан барып алайын десем, Құдай кешірсін, «жақсы білемін» деп бермей қойды», — деді Саят Медеуов.
Соңғы жаңалықтар