Әшімбаев Тоқаев реформаларын кітапқа түсірді
Сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары туралы кітап жазған. Ол Шымкентке барып, еңбегін жергілікті ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.
Әшімбаевтың Facebook парақшасында жазуынша, «Реформалар мәні. Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» атты кітап биыл жарық көрген.
«Шымкент қаласында өңірдегі ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен, сарапшылармен және қоғам белсенділерімен кездесіп, осы еңбекте айтылған өзекті ойларды жан-жақты талқыладық. Кітап жазудағы басты мақсатымыз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістердің және конституциялық реформаның негізгі мәнін жұртшылыққа дәріптеу екенін атап өткен жөн», — деп жазды ол.
Бұрынғы сенат спикері Шымкенттегі кездесуде елдегі тұрақтылық, әлемдегі өзгерістер және Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерді қалай пайдалануы керектігі туралы сөз қозғаған.
Оның пікірінше, тұрақтылық деген бір орында тұрып қалу емес. Керісінше, мемлекет саяси, экономикалық және қоғамдық жүйесін заман талабына қарай үздіксіз жаңартып отыруы керек.
Бұдан бөлек, қала жастарымен жүздесіп, жасанды интеллектіні меңгеру, қоғам алдындағы жауапкершілік және жастардың ел дамуына қосар үлесі туралы әңгімелескен.
Әшімбаев мұндай кездесулер Тоқаев реформаларының мәнін жұртшылыққа түсіндіруге көмектеседі деп есептейді.
Айта кетейік, қазан айының басында Мәулен Әшімбаев 2027 жылғы Шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы үшін» сыйлығының қазылар алқасының құрамына енген еді.
Соңғы жаңалықтар