Ашық терезе – ата-ана үшін айыппұл: Бас прокуратура ескерту жасады
Бас прокуратура күн жылығалы балалардың терезеден құлауы жиілегенін айтып, салғырттық танытқан ата-аналар жауапқа тартылатынын ескертті, деп хабарлайды Politico.kz.
Күн жылығалы бері көпқабатты үйлердің терезесінен бүлдіршіндердің құлау дерегі көбейді. Мәселен бүгінде Петропавлда екі бала биіктен құлап кеткен.
Бас прокуратура бұған үлкендердің кішкентайларды қараусыз қалдыруы басты себеп екенін айтады. Әсіресе жәндіктерден қорғайтын москит торларына сену өте қауіпті. Өйткені ол баланың салмағын мүлдем көтере алмайды.
Қазір құрылыс заңдарына сай жаңадан салынған үйлердің терезелеріне арнайы құлыптар орнатылуы міндетті. Ал пәтердің ішіндегі қауіпсіздікті сақтамаған ересектер заң алдында жауап береді.
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендерге 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. Биылғы үш айдың ішінде осы баппен 8 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкіл жазаланған.
«Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін бірінші кезекте жауапкершілік ата-аналарға жүктелетінін түсіну қажет», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Сондай-ақ тұрғын үйдің жалпы қауіпсіздігіне пәтер иелері кооперативі мен мүліктің меншік иелері бірлестігі де тікелей жауапты екені ескертілді.
Соңғы жаңалықтар