«Әскери альянс емес»: Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы туралы маңызды мәлімдеме жасады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының жан-жақты дамуына Қазақстан ерекше мүдделі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, бүгінде ұйым халықаралық қауымдастықтың жоғары сеніміне ие болып, беделі артып келеді. Мемлекет басшысы Қазақстанның Ресейдің «Алтай – түркі өркениетінің алтын бесігі» жобасын қолдағанын айтты. Сонымен қатар, еліміз «Алтай диалог алаңын» құру бастамасын ұсынған.
Тоқаев Түркияның «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бастамасына да қолдау білдірді. Президент бұл форматқа қосылуға ниетті мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты критерийлер болуы қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының әскери альянс немесе геосаяси жоба емес екенін ерекше айтты. Оның сөзінше, ұйымның негізгі мақсаты – бауырлас елдер арасындағы сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту.
Президент соңғы уақытта ұйымды әскери бірлестік ретінде сипаттайтын пікірлер айтылып жүргенін, мұндай көзқарастардың арандатушылық мақсат көздейтінін жеткізді. Қазақстан мұндай ұстанымды жоққа шығаратынын мәлімдеді.
«Түркі әлемі әрдайым бірлігін сақтап, ортақ мақсат жолында бірге алға жүруі керек», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы:
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»
деген қазақтың нақылын келтіріп, түркі елдерінің ынтымағы аса маңызды екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар