"Асқынып келеді": Назарбаевтың немере келіні отбасындағы жағдайды айтты
Тұңғыш президенттің үлкен немере келіні Аида Әлиева жақын адамының ауыр хәлі туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазақстандағы ең дәулетті 75 адамның қатарына кіретін Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы Нұрәлінің келіншегі қазіргі уақытта шетелде тұратындықтан, науқас жақынының қасында үнемі бола алмайтынын жеткізді. Ол желіде әжесімен бірге түскен суреттерін жариялап, қарт адамға ерекше күтім жасап отырған туыстарына деген ризашылығын білдірген.
Аида Әлиеваның сөзіне қарағанда, егде жастағы әжесі бірнеше жылдан бері есте сақтау қабілетінен айырыла бастаған.
«Әжемнің бірнеше жылдан бері деменциясы асқынып келеді. Мен әрқашан байқайтын бір ғажап нәрсе бар. Күнделікті өмірде ол кісі көбіне сөйлескісі келмейді, тұйықталып, ұзақ уақыт үндемей қалуы мүмкін. Бірақ мен «Ақмама, балалар мен немерелер үшін видео жазайықшы, сіздің сөздеріңізді сақтап қалу мен үшін өте маңызды» десем болды, керемет бірдеңе болады. Ол кісі кәдімгідей жинақталып, жанданып, сөйлей бастайды. Оның анық әрі түсінікті сөйлейтіні соншалық, көпшілігі тіпті деменциямен ауыратынына сенбейді», — деп жазды Аида Әлиева инстаграмда.
Сонымен қатар ол өзі басқа мемлекетте өмір сүретіндіктен, әжесінің қасында күн сайын өзінің тәтесі, яғни науқастың келіні барын атап өтті. Әлиева бұл жағдайды бүкіл отбасы үшін үлкендерге деген нағыз махаббат пен қамқорлықтың айқын үлгісі деп санайды.
«Ол бүкіл отбасымызға үлкендерге көңіл бөліп, олармен уақыт өткізудің қаншалықты маңызды екенін үнемі еске салып отырады. Тағы бір байқағаным бар. Егде жастағы адам сөйлескісі келмесе де, жай ғана қасына барыңыз. Құшақтаңыз. Қолынан сипаңыз. Бетінен сүйіп, жанында отырыңыз. Иә, кейде қарт адамдармен тіл табысу оңай емес. Бірақ біз кішкентай болған кезде, бізбен де әрдайым оңай болған жоқ қой», — деп жазды ол.
Жазба соңында Аида Әлиева алғыс дегеннің жалаң сезім емес, нақты іс-әрекетпен көрінетінін оқырмандарының есіне салды.
«Алғыс бір-бірімізге бөлетін уақытпен, көңіл бөлумен, қамқорлықпен және жай ғана қасында болумен өлшенеді», — деді ол.
Айта кетейік, Аида Әлиева бұған дейін Әлия Назарбаевамен бірге түскен ортақ суретін жариялаған болатын.
Соңғы жаңалықтар