Астана – Павлодар тасжолында тағы да бетон жарылды: Халықтың шығынын кім өтейді?
Астана мен Павлодар арасындағы ақылы тасжолдың Спутник ауылы маңындағы бөлігінде бетон жабыны кенеттен көтеріліп кетіп, жоғары жылдамдықпен келе жатқан бірнеше көлікке зақым келді, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видео кадрларына сүйенсек, сағатына 120-140 шақырыммен қозғалатын трассада мұндай жағдай жүргізушілер үшін үлкен қауіп тудырған. Адам өміріне қауіпті осындай кедергілердің алдын ала анықталмауы жол ақысын төлеп жүрген азаматтардың наразылығын туғызып, бұл салғырттық үшін жауапкершілікті кім тартатыны туралы орынды сұрақтар көтерілуде.
Бұл оқиғаға қатысты жауап берген ұлттық компания 1 маусым күні сағат 13.30 шамасында патрульдеу кезінде Павлодар – Астана бағытындағы 1356-шақырымда цементбетон жабынының көтерілгенін растады. Қазіргі уақытта аталған учаскеде уақытша белгілер қойылып, «КАЖсервис» серіктестігінің мамандары бүлінген жабынды бөлшектеу және қозғалыс қауіпсіздігін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Алдын ала мәліметтер бойынша ақаудың пайда болуына ауа температурасының +35...+37 градусқа дейін күрт көтерілуі себеп болған, мұндай жағдайда бетон плиталарының температуралық кеңеюі орын алып, ішкі кернеудің салдарынан жол жабыны көтерілуі мүмкін», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұл аталған трассадағы бірінші жағдай емес. Осыдан дәл бір жыл бұрын Екібастұз қаласының маңындағы 1265-шақырымда ыстықтың салдарынан бетон плиталары жоғарыға көтеріліп кетіп, жолмен өтіп бара жатқан минивэн көлігі ауыр зақым алған болатын.
Адамдар зардап шегіп, көліктер бұзылып жатқан осындай қауіпті апаттардың жыл сайын қайталануы — жол сапасы мен оның қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар тарапынан тиісті бақылау бар ма деген сұрақ туындатады.
Соңғы жаңалықтар