Астанада автобус 150 теңгеге қымбаттауы мүмкін
Астанада автобусқа мінген сайын қазіргіден 40 теңге артық төлеуге тура келуі мүмкін. Қала әкімдігі 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төленетін жолақыны 150 теңгеге көтеруді ұсынып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл әзірге ұсыныс. Қазір жолақы 110 теңге, ал әкімдік оны көтеру қажеттігін тасымалдаушылардың шығыны өскенімен түсіндіреді.
Елордада 90 теңгелік тариф 2014 жылы бекітілген. Әкімдіктің мәліметінше, содан бергі 12 жылда жолақы бір рет қана өзгеріп, қазіргі 110 теңгеге жеткен.
Сол аралықта дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңгеден 329 теңгеге дейін қымбаттаған. Бұл – үш еседен астам өсім.
Жүргізушілердің жалақысы да өзгерген: 2014 жылы орташа айлық 100–150 мың теңге болса, қазір автобус түрі мен жұмыс кестесіне қарай 700 мың теңгеден басталады.
Әкімдік қосалқы бөлшек, шина, аккумулятор, автобустарды күтіп ұстау мен жөндеу және жаңа көлік сатып алу шығыны да едәуір артқанын айтады. Соған қарамастан, соңғы үш жылда тасымалдаушылар 1 127 жаңа автобус сатып алған. Әкімдіктің түсіндіруінше, олар қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық талаптарға сай келеді.
Тұрақты бағыттарда жолаушылар мен багаж тасымалдау тарифін есептеу әдістемесі бойынша, 2026 жылы бір сапардың орташа есептік құны қазіргі жолақыдан айтарлықтай жоғары шыққан. Хабарламада оның нақты сомасы көрсетілмеген.
Әкімдік 150 теңгелік тарифті ұсынғанда осы шығындарды, автобустардың тұрақты қатынауын, көлік паркін жаңарту мен бағыттар желісін дамыту қажеттігін алға тартады.
Кімдер тегін жүре алады?
Жолақы көтерілсе де, тегін жүру құқығы сақталады. Астана мәслихатының 2018 жылғы 29 наурыздағы №244/30-VI шешімі бойынша қалалық қоғамдық көлікке мына санаттағы азаматтар ақы төлемейді:
- Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген азаматтар.
- Жасына немесе еңбек сіңірген жылдарына қарай зейнетке шыққандар, сондай-ақ зейнет жасына жетіп, жасына немесе асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатындар.
- Көпбалалы аналар.
- Көпбалалы отбасылар.
- Мүгедектігі бар адамдар.
- Мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі балалар және олардың ата-анасының немесе заңды өкілінің бірі.
- Қазақстандағы 1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заңда белгіленген тәртіппен ақталған азаматтар.
Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балалар да автобусқа тегін мінеді. Оларға бұл мүмкіндік 2020 жылғы наурыздан бері берілген.
Соңғы жаңалықтар