Астанада әйел мен бала қаза тапты: Оқиғаға қатысты тың деректер белгілі болды
Астанадағы Sat City тұрғын үй кешенінде болған қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Информбюро” телеарнасына сілтемемен.
Оқиға салдарынан 27 жастағы әйел мен екі жастағы бала қаза тапқан. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Оқиға көпқабатты үйлердің біріндегі төртінші подъезд маңында болған. Тұрғындардың айтуынша, таңертең қатты дыбыс естіліп, артынша әйел адамның дауысы шыққан.
Жақын маңдағы дүкенде жұмыс істейтін сатушы оқиғаның өзін көрмегенін, тек қатты дыбыс естігенін айтты. Кейін дүкенге келген адамдар не болғанын сұрай бастаған.
Кейбір тұрғындар болған жағдайды әлеуметтік желілерден кейін ғана білген. Ал оқиғаға жақын жерде болған адамдардың өзі алғашқы сәтте не болғанын түсінбей қалған.
Көрші үйдің тұрғыны қатты дыбыстан оянғанын айтып, бастапқыда жол-көлік оқиғасы болды деп ойлаған. Кейін аулаға полиция мен жедел жәрдем келгенін көрген.
Тағы бір тұрғын баланың анасының қатты күйзеліске түскенін айтып берді. Оның сөзінше, әйел баласын көтеріп, жақын маңдағы медициналық мекемеге көмек сұрап барған. Кейін жедел жәрдем шақырылған.
Оқиға кезінде жақын маңда болған курьер де полиция мен жедел жәрдемнің бірнеше минуттан кейін келгенін айтты.
Ал оқиғаның нақты уақытын анықтауға әлеуметтік желіде тараған видео көмектескен. Көрші үйде тұратын баланың түсірген видеосы сағат 10:31-де оның әкесіне жіберілген. Әкесі Маралбек видеоны шамамен 20 минуттан кейін көріп, ұлына қоңырау шалғанын айтты. Кейін бейнежазба полицияға берілген.
Оқиғадан кейін аумақта полиция қызметкерлері мен медицина мамандары жұмыс істеген. Тұрғындардың айтуынша, жедел қызмет өкілдері түске дейін аулада болған. Кейін оқиға орны қоршалып, қажетті жұмыстар жүргізілген.
Тұрғындардың бір бөлігі болған жағдайдан қатты әсер алып, аулаға шығуға қорыққанын айтты.
Қазір полиция қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Ведомствоның мәліметінше, тергеу аясында тиісті тексеру жүргізілуде.
Әлеуметтік желілерде марқұм әйелдің пәтері мен отбасы туралы түрлі ақпарат тараған. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Соңғы жаңалықтар