Астанада ЛГБТ белсендісі ұсталды

22.11.2025 17:57 Айсұлу Мұрат
Астанада ЛГБТ белсендісі ұсталды
0
246
әлеуметтік желі/ суретте: Арджа Тұрсынқан

Астанада адам құқықтарына арналған шара барысында ЛГБТ белсендісі Арджа Тұрсынқан ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Бұл туралы құқық қорғау ұйымдары мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

21 қараша күні елордада Education Community жобасы аясында ЛГБТ-жасөспірімдер мен ересектерге қатысты дискриминация жөніндегі зерттеудің таныстырылымы өткен. Презентация кезінде, құқық қорғаушылардың айтуынша, орынға белгісіз әйел кіріп, шараға кедергі келтіруге тырысқан.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода әйелдің айғай көтеріп, ұйымдастырушылардың біріне дөрекі сөз айтты деп айып тағылғаны байқалады.

«Еркіндік Қанаты» қоғамдық қорының мәліметінше, оқиғадан кейін ЛГБТ белсендісі Арджа Тұрсынқан полицияға жеткізіліп, оған «ұсақ бұзақылық» бабымен әкімшілік іс қозғалған.

Ұйым өз мәлімдемесінде:

«Инциденттен кейін ЛГБТ белсендісі және іс-шара спикері Арджа Тұрсынқан ұсталып, бөлімшеге жеткізілді. Оған ‘ұсақ бұзақылық’ бойынша хаттама толтырылды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Біз оның денсаулығын ескере отырып, мұндай шешіммен келіспейміз және Арджа Тұрсынқанды дереу босатуды талап етеміз», — деп хабарлады.

Қор Тұрсынқанның бұрын екі рет инсульт алғанын, жағдайының ауырлауы мүмкін екенін атап өтті. Белсендінің соты 22 қарашаға белгіленген.

Бұған дейін Сенатта балаларды «дәстүрлі емес бағдарды насихаттаудан қорғау» туралы заң жобасы қаралатыны хабарланған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар бұл бастама қоғамда жаңа қысым тудыруы мүмкін екенін және жасөспірімдер арасында психологиялық қауіптің артуына ықпал ететінін айтуда.

Өткен жылы елде 139 жасөспірім суициді тіркелген. Сарапшылардың пікірінше, дискриминацияны күшейтетін кез келген норма жағдайды одан сайын ушықтыруы ықтимал.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий