Ақтауда подъезде ұйықтап жатқан баланың суреті тарады: Жауапты мамандар жағдайды тексеруге кірісті

10.10.2026 • 16:28 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтауда подъезде ұйықтап жатқан баланың суреті тарады: Жауапты мамандар жағдайды тексеруге кірісті
396
Фото: 112_aktau

Ақтауда көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде ұйықтап жатқан баланың суреті әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Politico.kz сайты Lada.kz.-ке сілтемемен.

Осы жағдайға байланысты Маңғыстау облысының бала құқықтарын қорғау басқармасы түсініктеме берді.

Алдын ала мәлімет бойынша, 8 қазан күні кешке жасөспірім ойнауға үйінен шыққан. Шамамен сағат 22:30-да анасы оны үйдің ауласынан көрген. Кейін ата-анасының айтуынша, бала кіреберісте досын күтіп отырып, екінші қабатта ұйықтап қалған. Оны байқап қалған әйел үстіне көрпе жауып қойған.

Ведомствоның мәліметінше, 14 жастағы жасөспірім эпилепсия диагнозымен невропатологтың бақылауында тұр. 10 қазан күні баламен жұмыс істеу үшін психолог пен Психологиялық қолдау орталығының мамандары оның тұрғылықты мекенжайына барған.

Алайда мамандар келген кезде анасы үйде болмаған. Олардың хабарлауынша, балалар үйде болғанымен, есік сыртынан құлыптаулы тұрған. Мамандар анасының оралуын күтіп, жағдайды анықтауға кіріскен.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ әлеуметтік желіде тараған ақпараттың дұрыстығы тексеріліп жатыр. Ведомство қосымша мәліметтер анықталғаннан кейін хабарланатынын жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий