Астанада полицияға шағымданған әйелдің өзі жауапқа тартылды

11.09.2026 19:43 Қарақат АСЫЛОВА
Астанада полицияға шағымданған әйелдің өзі жауапқа тартылды
290
Фото: Politico.kz

Астанада Tele2/Altel кеңсесінде өзіне шабуыл жасалғанын айтқан әйелдің үстінен екі әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты NewTimes.kz сілтемемен.

Бұған дейін ол полиция қызметкерлері оқиғаға тиісті деңгейде әрекет етпеді деп әлеуметтік желіде мәлімдеген. Полицияның айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жанжалға қатысқан екі тарапқа да жасалған.

Оқиға 14 тамыз кешкісін Астанадағы «Азия Парк» сауда орталығындағы Tele2/Altel кеңсесінде болған.

Әйелдің айтуынша, компания қызметкері Алихан одан қызмет алу үшін ұялы телефон арқылы талон алуын сұраған. Ол смартфоны жоқ қарт адамдардың мұндай жағдайда қалай қызмет алатынын сұраған. Кейін болған әңгімені әлеуметтік желіде жариялау үшін телефонға түсіре бастағанын айтқан.

Оның сөзінше, қызметкер телефонын қолынан жұлып алып, видеоны өшіруге тырысқан. Алайда жазба толық жойылмай, телефон жадында сақталып қалған.

Жанжалдан кейін әйел 102 нөміріне хабарласып, арыз жазғысы келген. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері оқиға орнына келуін күткенін сұраған. Сондай-ақ ол сол күні барған дүкендердегі бейнебақылау камераларының жазбаларын сұратуды өтінген.

Әйел учаскелік инспектор Данияр Жетпысбаев жанжалды дер кезінде тоқтатпағанын және бейнежазбаларды уақытында сұратпағанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, оның айтуынша, полиция қызметкері өзінің Activ нөмірін шағым түсірген Tele2/Altel қызметкеріне берген. Осы нөмір арқылы ол 102-ге хабарласып, учаскелік инспектормен байланысқан.

Бұған дейін полиция аталған жағдай бойынша тексеру жүргізіп, учаскелік инспекторға қатысты қызметтік тергеу басталғанын хабарлаған.

Алайда жанжалдан кейін бір айға жуық уақыт өткен соң жағдайдың жаңа мән-жайы белгілі болды. 10 қыркүйекте әйелді құжаттарға қол қою үшін шақырған. Оған бұл құжаттар өзі шағымданған қызметкерді жауапкершілікке тарту үшін қажет екені айтылған. Кейін оның өзіне де әкімшілік хаттама толтырылғаны анықталған.

Әйелдің айтуынша, оған қатысты екі хаттама жасалған. Олардың біріне жанжал кезінде айтқан эмоциялық сөзі негіз болған.

Оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізіп, екі тараптың да әрекетінен әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін анықтаған. Ведомство мәліметінше, жанжалға қатысушылардың екеуіне де ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданған.

Енді жанжалға қатысты түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий