Астанада құрылыс қоршауының қаңылтыры баланың үстіне құлап кетті

14.09.2026 16:42 Мөлдір ҚАЙНАР
Астанада құрылыс қоршауының қаңылтыры баланың үстіне құлап кетті
184
Фото: threads.com/@valena8602

Елордадағы құрылыс алаңынан ұшқан темір қаңылтыр (профлист) кәмелетке толмаған баланың үстіне құлады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға туралы желі қолданушылары Threads парақшасында дабыл қаққан. Мәліметке сәйкес, келеңсіз жағдай Нұра ауданында орын алған. Тұрғындар аталған аймақта құрылыс үш жылдан бері созылып, жолдың әбден қазылғанын және аялдамаға қатынаудың өзі қауіпті екенін айтып, әкімдікке бірнеше мәрте шағымданғандарын жеткізді.

Аталған жағдайға қатысты Астана қалалық полиция департаменті ресми түсініктеме берді.

"Құрылыс нысанының аумағын тиісті деңгейде ұстамағаны үшін құрылыс салушының жауапты өкілі (учаске бастығы) абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады ведомстводан.

Нұра аудандық полиция басқармасы жарақат алған жасөспірімге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгенін, оның өмірі мен денсаулығына қазіргі уақытта қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары құрылыс компанияларына қауіпсіздік талаптары мен маңайдағы тәртіпті қатаң сақтау керектігін ескертті.

Войдите, чтобы оставить комментарий