Астанада «Сұңқар» жасағының қызметкеріне оқ атқан оқиғаның жай-жапсары айтылды
Астанада «Сұңқар» жасағының қызметкеріне оқ атқан оқиғаның мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов елордада болған атысқа қатысты тың деректерді жария етті. Қала көшелерінің бірінде қарулы қылмыскерді құрықтамақ болған «Сұңқар» арнайы жасағының қызметкері оққа ұшқан.
Вице-министрдің айтуынша, жәбірленуші мен күдікті бұрыннан таныс емес. Полицей еңбек демалысында жүргеніне қарамастан, қару асынған адамды көргенде дереу әрекетке көшкен. Ол қарапайым халыққа төнген қауіптің алдын алмақ болғанда, қылмыскер арқа тұсынан оқ атып үлгерген.
«Қызметкеріміз көшеде мылтық ұстаған адамды байқап, оны залалсыздандыруға кіріскен. Өкінішке қарай, қылмыскер оқ атып, полицей жарақат алды. Оны залалсыздандырған соң, оқиға орнына жедел топ жетіп, күдіктіні қолға түсірді. Қазір ол адам өлтіруге оқталу бабы бойынша қамауда отыр», – деп мәлімдеді Санжар Әділов Сенат кулуарында.
Қазіргі таңда арнайы жасақ жауынгері ауруханада ем қабылдап жатыр. Алғашқы күндері оның жағдайы ауыр болып, жансақтау бөлімінде жатқан еді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде күдіктіні ұстау сәті түсірілген видео тараған болатын. Белгілі болғандай, 21 жастағы қала тұрғыны аңшылық мылтығымен өтіп бара жатқан көлікке оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған. Көлік тізгінінде демалыстағы полицей болған және әріптестеріне хабарды да өзі берген.
Соңғы жаңалықтар