Асылбеков Алматының "бордюр" бизнесі туралы: Неге халық ақшасын негізсіз шашады?

09.09.2026 15:05 Томирис САҒЫНДЫҚ
Асылбеков Алматының
113
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Елдегі бюджет шығындарының тиімділігі мен инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау мәселесі қоғамда жиі талқыланады. Қоғам белсендісі, саясаткер Асхат Асылбеков мемлекеттік қаржыны жұмсау саясатын сынға алып, тарихи тәжірибеге сүйене отырып, инфрақұрылымның экономикаға тигізер шынайы ықпалын атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Асхат Асылбеков "Қасқа жол" арнасындағы сұқбатында әңгімеледі.

«Жүз жыл бұрын, 1929 жылы Америкада «Ұлы депрессия» басталған кезеңде, ел президенті Франклин Делано Рузвельт Панамерикалық үлкен теміржол құрылысын бастады. Батыстан Шығысқа дейін созылған бұл магистральді салу экономиканың басқа да салаларына, металлургиядан бастап өзге өндірістерге дейін, орасан зор мультипликативті әсер беріп, олардың өркендеуіне үлкен септігін тигізді. Өкінішке қарай, қазір бізде қоғамда, БАҚ өкілдері арасында «бөлінген қаржы қалай игеріліп жатыр, ол толық әрі тиімді жұмсалып жатыр ма?» деген орынды сұрақтар жиі қойылады. Мысалы, кез келген адам өз үйінде немесе пәтерінде жөндеу жұмыстарын жүргізгенде, қаржыны үнемдеп, әрбір тиынды есеппен жұмсайды. Сантехникпен де, малярмен де саудаласып, бастысы орындалған жұмыстың сапалы болуын талап етеді. Ал бізде мемлекеттің қаражаты оңды-солды шашылып жатыр», — деді сарапшы.

Қалалық инфрақұрылымды жаңарту кезіндегі тиімсіз шығындар да нақты мысалдармен айтылды. Қоғам өкілі әсіресе Алматы қаласындағы жол құрылысы мен бордюрлерді қайта-қайта ауыстыру тәжірибесіне тоқталды.

«Өзім Алматының тұрғынымын. Қала ішінде 50-100 жылға шыдайтын гранит бордюрлерді алып тастап, орнына екі жылда мүжіліп кететін бетон бордюрларды қояды, кейін оны да қайтадан ауыстырады. Себебі, белгілі бір тұлғалардың бордюр шығаратын жеке зауыттары бар және солардың бизнесін тоқтатпау қажет. Ол бордюр зауыты экономика мен ЖІӨ көрсеткіштеріне әсер еткендей болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл — қаражатты тиімсіз жұмсау. Жол жөндеуге бөлінген қаражатты өзге де өзекті мәселелерге бағыттауға болады емес пе? Қаншама ауылда жол, бордюр, инфрақұрылым мүлде жоқ. Ал қалада бір көшенің астын қайта-қайта қазып, асфальты мен бордюрын жыл сайын жаңарта береді. Кез келген әкім өз үйінде жыл сайын жөндеу жасамайды ғой. Егер өз үйінде олай істемейтін болса, неге халықтың ақшасын қала ішінде негізсіз шашуы керек?» — деді ол.

Сонымен бірге, отандық өндірісті дамыту мен орта бизнесті қолдаудың маңыздылығы сөз болды. Спикердің айтуынша, макроэкономикалық көрсеткіштерді жасанды түрде өсірмей, іргелі өнеркәсіпті өркендету қажет.

«Ең қызығы — осылайша бос жұмыс істеліп, оны «өнім шықты, ЖІӨ өсті» деп есептейді. Бұл — жасанды көрсеткіштер. Ал бізге іргелі, нақты өндіріс қажет: машина жасау, аспаптар шығару және өзге де маңызды салаларды дамытуымыз керек. Неліктен біз қарапайым тұрмыстық заттарға дейін Қытайдан, Еуропадан немесе Ресейден сатып алуға мәжбүрміз? Әрине, жеңіл өнеркәсіп саласында оң өзгерістер де бар. Мысалы, Қарағанды облысындағы Абай қаласында Нұрхан Жұмабеков басқаратын тоқыма фабрикасы ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Бірақ бұл — мемлекеттің емес, сол кәсіпкердің өзінің қажырлы еңбегі, рухы мен ақылының арқасында жүзеге асып отырған жоба. Ал шенеуніктер болса, дайын іске барып, тек есеп үшін белгі соғып кетеді. Негізгі мәселе — мемлекет іскер азаматтарға кедергі жасамай, барынша қолдау көрсетуі тиіс. Кәсіпкерлерден «сіздерге не қажет?» деп сұрасаң, олардың көбі: «Өтініш, бізге тиіспесеңіздер болды, өзіміз-ақ істеп аламыз» деп жауап береді», — деп түйіндеді Асхат Асылбеков.

Войдите, чтобы оставить комментарий