«Асылып тұрғанын көріп, есімнен танып қалдым»: оқушының өлімі туралы жақындары шындықты айтты
Алматы облысы Жамбыл ауданы Самсы ауылындағы Телтай Сәрсембек атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Нұрисламның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның туыстары жасөспірімнің өзіне қол жұмсауына мектеп психологы мен тәрбие ісі жөніндегі меңгерушінің психологиялық қысымы себеп болды деп есептейді. Бұл туралы Politico.kz ORDA.KZ порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның анасы Мақпал Әміртаеваның айтуынша, Нұрислам көпбалалы отбасында өскен, мінезі ашық, өмірге құштар, өзіне қол жұмсауға бейім емес бала болған. Қайғылы жағдайға 2025 жылдың 10 қарашасында оқушылар арасында мектептен тыс жерде болған төбелес түрткі болған.
Оның сөзінше, сол күні амбулаторияда өткен кездесуде екінші тараптың анасы ешқандай арыз-шағымы жоқ екенін айтқан.
«Негізі бәрі сол жерде аяқталуы керек еді. Бірақ психолог балалармен сөйлеспей, терезеге қарап отырды.
Ешқандай қолдау көрсетпеді. Кейін жұрт тараған соң “бір шара қолдану керек” деді», — дейді анасы.
Мақпал Әміртаеваның айтуынша, мектеп психологы Махаббат Әдепбаева баласына ауыр сөздер айтып, психологиялық қысым көрсеткен.
«Маған “алдымен балаңды дұрыс тәрбиеле” деді. Баламды “есіріп кеткен” деп айыптады. Тағы ем-дом үшін 20 мың теңге талап етті. Бұл сөздердің бәрі баламның жанын жаралады», — дейді ол.
11 қараша күні кешкісін тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші Айдар Чанчаров Нұрисламның үйіне келіп, төбелестің бейнежазбасын талап еткен. Анасының айтуынша, ол баланы қорқытып, анайы сөздер айтқан
«Менің көзімше балама: “Сен сияқтыларды балалар колониясына қамау керек. Ол жерде сен біреуді ұрмақ түгілі, біреудің артынан жуасың” деді. “Видео тараса, ата-анаңды құқығынан айырады” деп қайта-қайта жекіді», — деп еске алады анасы.
Келесі күні Нұрислам үйінің қора-қопсысында асылып қалған күйде табылған. Көршілердің айтуынша, бала мектепке бара жатып полиция қызметкерлерін көріп, «мені колонияға алып кетуге келді» деп шошып, үйіне қарай қашқан болуы мүмкін.
«Балам өзіне қол жұмсайды деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Үйге келіп, қораға кіріп кеткенімде баламды асылып тұрған күйде көрдім…», — дейді анасы көз жасын тыя алмай.
Мектеп директоры Ахмет Иманов қызметкерлеріне тағылған айыпты жоққа шығарып, істің мән-жайын тергеу анықтайтынын айтты. Ал психолог Махаббат Әдепбаева:
«Балаға ешқандай психологиялық қысым көрсетілген жоқ», — деп мәлімдеді.
Адвокат Арман Шәріповтің айтуынша, іс ҚР ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігі бойынша қозғалғанымен, тергеу баяу жүріп жатыр.
«Қажетті психологиялық және психиатриялық сараптамалар тағайындалмаған. Егер кінә дәлелденсе, 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», — деді ол.
Алматы облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, жан-жақты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар