Ата-аналар міндетті мектеп формасына қарсы: Қазақстанда мектеп формасын алып тастау петициясы жария болды

Ата-аналар міндетті мектеп формасына қарсы: Қазақстанда мектеп формасын алып тастау петициясы жария болды
14.08.2025 12:37
0
505
Сурет pricom.kz сайтынан

Қазақстанда міндетті мектеп формасын жою туралы қоғамдық бастама күш алып, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Арнайы платформада жарияланған петиция авторлары бірыңғай киім үлгісінің отбасы бюджетіне ауыр салмақ түсіретінін және оқушылардың өзін-өзі көрсету құқығын шектейтінін алға тартып, бұл талапты алып тастауды ұсынуда. Қысқа мерзімде мыңдаған қол жинаған бұл үндеу Білім министрлігінің назарына ілінуі мүмкін.

Бастама авторларының негізгі уәжі – мектеп формасының қымбаттығы. Олардың айтуынша, бір балаға арналған киімнің толық жиынтығы көптеген отбасының айлық табысының едәуір бөлігін «жейді». Бұл мәселе әсіресе бірнеше баласы мектепке баратын және табысы төмен отбасылар үшін өзекті. Сонымен қатар, петицияда мектептердің белгілі бір жеткізушілермен ғана жұмыс істеуі бәсекелестікті шектеп, бағаның жасанды түрде өсуіне әкелетіні де сынға алынған.

Қаржылық қиындықтардан бөлек, үндеуде бірыңғай форманың педагогикалық тиімділігіне күмән келтірілген. Онда форманың оқушылардың тәртібін жақсартып, білім үлгерімін арттыратыны туралы ешқандай нақты дәлел жоқ екені айтылған. Керісінше, бұл талап оқушылардың жеке стилін көрсетуіне кедергі келтіреді, ал сапасыз материалдан тігілген киім бала денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ мұғалімдердің құнды сабақ уақытын оқушылардың киімін тексеруге жұмсауға мәжбүр екені де маңызды мәселе ретінде көтерілген.

Айта кетейік, Қазақстандағы мектеп формасының орташа құны 2025 жылы жынысы мен аймағына байланысты шамамен 20 000-60 000 теңгені құрайды. Ал баланы мектепке жинаудың толық шығыны көбінесе 130 000-200 000 теңгеге жетеді, ал неғұрлым сапалы тауарларды сатып алу кезінде және шығындардың барлық санаттарын ескере отырып, 300 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий