«Атасының жеке келіні»: Гүлзира Айдарбекова ортаншы келінін ерекше атап өтті
Продюсер Гүлзира Айдарбекова тағы бір мәрте әже атанып, қуанышты жаңалығын әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Politico.kz
Өнер иесі бұл жолы ортаншы келіні Айгераға арналған жүрекжарды жазбасымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Айтуынша, келіні әулетке ханшайым немере сыйлаған.
Гүлзира Айдарбекова келінін ерекше ілтипатпен атап, оны «атасының жеке келіні» деп атады.
«Біздің ыстық ұямыздың нұры, қаншама қайғымның орнын жүрек жылуымен, күннің шуағындай шуағымен толтырған, бүкіл әулетіміздің ақ батасын алған, атасын ерекше құрмет тұтқан адал келінім Айгера келініміз дәл қазір бір ханшайымды өмірге алып келді.
Көп тілеуі көл деген, өмір есігін жаңа ғана ашқан немеремізге жүрекжарды дұға, тілек күтемін. Қатты жақсы көремін деуге де қорқамын, Алла көп көрмесін, көз тимесін», — деп жазды продюсер.
Сондай-ақ ол атасының атынан сүйінші жариялап, бес адамға бес мың теңгеден сыйлық берілетінін де атап өтті.
Бұл жазба желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік жылы лебізін білдірді.
Оқырмандар:
«Құтты болсын! Сіздей ене әр келінге бұйырсын»,
«Бауы берік болсын! Ханшайым немере бақ қонсын»,
«Келін сыйлаған ене — берекелі әулеттің белгісі»,
«Ұрпағыңызбен мың жасаңыз» — деп пікір қалдырды.
Айта кетейік, Гүлзира Айдарбекова биыл үш ұлынан да немере сүйіп, әулетінің шаттыққа бөленгенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар