Атбасар түрмесіндегі азаптау: 12 қызметкердің соты үшінші рет басталды
Ақмола облысында тұтқындарды азаптады деп айыпталған Атбасар колониясының 12 қызметкеріне қатысты сот ісі үшінші рет қайта қаралмақ, деп хабарлайды Politico.kz.
Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 146-бабына сәйкес қатыгездік танытып, адам қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттер жасады деген айып тағылып отыр. Алқабилердің қатысуымен өтетін басты сот отырысы 17 сәуірге белгіленгенін ҚазТАГ тілшісі хабарлады.
Еске салайық, 2023 жылдың күзінде желіде тұтқын Тимур Дәнебаевты азаптаған видео тарап кеткен еді. Осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, 11 қызметкер жұмыстан шығарылды, сондай-ақ департамент пен колония басшылары қызметінен шеттетілді.
2024 жылдың 31 шілдесінде басталған сот процесінде 44 тұтқын жәбірленуші деп танылды. Прокурор айыпталушыларды бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, 2025 жылдың 12 ақпанында алқабилер оларды толық ақтап шықты. Бұл шешімге қарсылық білдірген Дәнебаев бастаған тұтқындар аштық жариялады, ал прокуратура үкімге шағым түсіріп, сәуір айында сот ақтау үкімінің күшін жойды.
Алайда 2025 жылдың 24 желтоқсанында алқабилер қызметкерлерді екінші рет ақтап алған болатын. Кейін істі қарау барысында процессуалдық бұзушылықтар анықталып, 2026 жылдың 17 наурызында сот бұл үкімді де бұзды. Енді айыпталушылардың ісі үшінші мәрте сотта қаралғалы жатыр.
Соңғы жаңалықтар