Атырау облысында шенеуніктің өліміне қатысты тергеу басталды
Атырау облысында 36 жастағы Құрманғазы ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуаныш Имашевтың өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы — «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде шенеуніктің өз-өзіне қол жұмсағаны, алдын ала мәлімет бойынша мылтықпен атылғаны туралы ақпарат тараған еді.
Фактіні Атырау облыстық полиция департаменті растады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазір оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Құрманғазы ауданында болған суицид фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде», — делінген полицияның хабарламасында.
Кейін Құрманғазы ауданы әкімдігі де Қуаныш Имашевтың қайтыс болғанын растады және марқұмның туған-туыстары мен әріптестеріне көңіл айтты.
«Оқиғаның мән-жайын құзырлы құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Аудан әкімдігі қолданыстағы тәртіп аясында қажетті көмек көрсетіп келеді. Ақпарат құралдары мен жұртшылықтан расталмаған деректер мен негізсіз болжамдарды таратпауын сұраймыз», — делінген әкімдік хабарламасында.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар