Семейде 20 жастағы қызды өлтірген жігітке 14 жыл берілді

13.10.2026 • 18:59 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Семейде 20 жастағы қызды өлтірген жігітке 14 жыл берілді
223
Фото: әлеуметтік желі

Семейде 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованы өлтірген жігітке сот үкімі шықты. Қыздың бұрынғы жігіті Алдияр Қарымсақов 14 жылға сотталды. Алайда марқұмның туыстары қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғаны ескерілмегеніне наразы, деп хабарлайды Politico.kz.

13 қазанда Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нияз Хасенбаев үкімді жариялады.

Сот Алдияр Қарымсақовты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі, яғни «адам өлтіру» бойынша кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Қыздың туыстары неге келіспейді?

Қайғылы оқиға 13 шілдеге қараған түні Абай облысының Бородулиха ауылында болған. Таңсәріде балық аулауға бара жатқан жергілікті тұрғын үйлердің бірінің маңынан 20 жастағы қыздың денесін тапқан.

Тергеу мәліметінше, Дильназды бұрынғы жігіті өлтірген. Қыздың денесінен 16 пышақ жарақаты және бас сүйегінің екі жерден сынғаны анықталған.

Айыптау материалдарында Қарымсақовтың қылмысқа алдын ала дайындалғаны да айтылған.

Марқұмның ата-анасы осы жайттарды ескеріп, істі Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігімен, яғни «ауырлататын мән-жайларда жасалған адам өлтіру» ретінде қарауды талап еткен.

Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Немолчи» белсенділері де қыздың өліміне қатысты қылмысты аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру деп бағалауды сұраған.

Алайда Абай облысының прокуратурасы айыпты өзгертуге негіз таппаған. Сот та қылмысты аса қатыгездікпен жасалған деп танымаған.

Сот жәбірленуші тараптың моральдық және материалдық шығынды, сондай-ақ өкілдерінің қызметіне кеткен ақшаны өндіріп алу туралы талабын ішінара қанағаттандырды.

Сотталған азаматтан жалпы 21 миллион 669 мың теңге өндірілетін болды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий