Атырауда 23 жастағы Янаны өлтіргендер өмір бойына сотталды
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты шулы іске нүкте қойды. Судья Зарема Хамидуллина айыпталушылар Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимовке қатысты үкімді жариялады, деп хабарлайды POLITICO саяси-әлеуметтік порталы.
Естеріңізге сала кетейік, прокурорлар сотталушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Судья бұл сұранысты толық қанағаттандырды. Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.
Сонымен қатар, сот марқұмның анасының азаматтық талап-арызын қанағаттандырды. Енді сотталғандардың әрқайсысы жәбірленуші тарапқа 15 миллион теңгеден моральдық шығын және 1 миллион 955 мың теңге материалдық шығын өтеуге міндеттелді.
Бұл қайғылы оқиға 11 ай бойы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Істің жай-жапсарын Атырау ғана емес, бүкіл елдегі жұртшылық бақылап отырды.
Естеріңізге сала кетейік, Яна 2024 жылдың күзінде жоғалып кеткен. Тергеу мәліметтері бойынша, қылмысқа жеке қарым-қатынастағы кикілжің себеп болған. Яна Ризуанның басқа қызбен кездесіп, үйленуге дайындалып жатқанын біліп қойған. Ол бұл туралы қалыңдығына айтатынын мәлімдеген. Сол кезде Ризуан мәселені түбегейлі шешуге бел буып, өз танысын Алтынбекті 500 мың теңгеге жалдаған.
Іс бойынша басты айғақ – Янаның күнделігі болды, оның жазбалары оқиғалар тізбегін қалпына келтіруге көмектесті. Сегіз айға созылған іздеуден кейін оның сүйектері өзен жағасынан табылды.
Анықталғандай, олар қызды тұншықтырып өлтіріп, денесін Жайық өзеніне лақтырып жіберген. Қылмыстан кейін екеуі барға келіп, ештеңе болмағандай ішімдік ішкен.
Сот екі азаматты «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының кісі өлтіруі» және «Алдын ала сөз байласу арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою» ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі, 7 және 6-тармақтары және 202-баптың 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Соңғы жаңалықтар