Атырауда екінші Қашаған табылды: 4,7 млрд тонна мұнай қоры анықталды
Атырау облысында көлемі мен әлеуеті жағынан Қашаған кен орнына пара-пар келетін үлкен көмірсутек қоры табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
KAZENERGY қауымдастығының мәліметінше Жылыой аумағындағы Қаратон, Қажығали және Жылыой учаскелерінен үлкен мұнай қоры анықталған.
Алдын ала есеп бойынша мұнда 4,7 млрд тоннаға дейін көмірсутек және жалпы көлемі 20 млрд тонна шартты отын болуы мүмкін.
Бұл аумақ пішіні мен әлеуеті жағынан Қашағанға қатты ұқсайды. Бірақ Қашаған теңізде орналасса, жаңа кен орны құрлықта жатыр. Бұл оны игеруге кететін шығынды айтарлықтай азайтады.
Қазіргі уақытта жоба геологиялық зерттеу және сейсмикалық барлау жұмыстарына дайындық кезеңінде тұр. Мамандар ескі деректерді қайта зерттеп үлгерген. Қаратон учаскесінде 5750 метр тереңдікте ұңғыма қазылып, оң нәтиже берді әрі болашағы зор нысандар белгіленді.
Енді ҚазМұнайГаз компаниясы Қажығали учаскесінде барлауды кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жер қойнауын пайдалануға келісімшарт алу үшін келіссөздер жүріп жатыр. Жобаға нақты қанша қаржы құйылатыны сейсмикалық барлау жоспары толық аяқталған соң белгілі болады.
«Сейсмикалық барлау және бұрғылау жұмыстарының ең қысқа бағдарламасы 2030 жылға дейін есептелген, жоба техникалық жағынан өте күрделі болғандықтан өндірістік қазып алу мерзімін нақты айту әлі ерте», - деп хабарлады KAZENERGY қауымдастығы.
Айта кетейік, Қашаған құбырлар жүйесі арқылы жалғанған құрлық пен теңіз кешендерінен тұратын біртұтас үлкен кен орны саналады. Оның өндірілетін қоры 9 бен 13 млрд баррель аралығында бағаланады. 2026 жылдың басында Қазақстан алғаш рет ішкі нарықтағы мұнай өңдеу зауыттарын қамтамасыз ету үшін Қашаған мұнайын ел ішіне бере бастады.
Соңғы жаңалықтар