Атырауда жүкті әйелді зорлап, өлтірген адамға қатысты сот үкімі шықты

Атырауда жүкті әйелді зорлап, аса қатыгездікпен өлтірген Арман Жетпісовке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ басылымы.
Облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы Арман Жетпісов 2022 жылы Бибігүл Шпанованының пәтерінде сантехник болып жұмыс істеп, оның сеніміне кірген. Ол әйелге автотұрақ орнын жеңілдікпен алып беруге көмектесемін деп алдап, 400 мың теңге көлемінде алдын ала төлем алып, ақшаны иемденіп кеткен.
Бір жылдан соң жәбірленуші ақшасын қайтаруды талап етіп, болмаса шағымданатынын ескерткен. Осыдан кейін ер адам масаң күйде әйелдің үйіне келіп, алаяқтығын жасыру мақсатында одан да ауыр қылмысқа барған. Ол бетіне маска киіп, пышақпен қорқытып, жүкті әйелді зорлаған, содан соң аса қатыгездікпен өлтірген.
Қылмыстан кейін ол пәтерді тінтіп, сейфті ашып, ірі көлемдегі ақша мен зергерлік бұйымдарды жымқырған. Кетерінде әйелдің көлігі мен ұялы телефонын да алып кеткен. Келтірілген жалпы материалдық шығын 13 миллион теңгеден асқан. Сотта кейінірек марқұмның жүкті екені белгілі болды.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама нәтижелерімен, бейнежазбалармен және оқиға орнынан алынған айғақ заттармен толық дәлелденді.
Үкімге сәйкес, сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды және жәбірленуші тарапқа материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар





