Атыраудағы мұнай зауытына жаңа директор келеді деген сыбыс шықты
Осыған дейін алаяқтық бабымен сотталған бұрынғы вице-министрдің туған бауыры, қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» компаниясының мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарып жүрген Мұратжан Мұсайбеков Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңа басшысы болуы мүмкін, деп хабарлайды «Ақ Жайық» басылымы.
PRO КАДРЫ KZ арнасының ақпаратына сүйенсек, аталған зауытты былтырғы сәуір айынан бері басқарып келе жатқан Қуаныш Бішімов жақын арада қызметінен кетуі ықтимал. Әзірге ұлттық компания мен зауыт әкімшілігі бұл тағайындауға қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасамаған.
Мұратжан Мұсайбековтің есімі қоғамда оның туған бауыры, бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің атышулы ісімен тығыз байланысты айтылады. Экс-шенеунік 2021 жылы Астана әуежайынан Дубайға ұшпақ болған жерінде ұсталып, оның жанынан Hermès маркалы әйелдер сөмкесі мен $5 мың табылған болатын. Бастапқыда букмекерлік кеңселердің мүддесін қорғады деген күдікке ілінген ол кейіннен алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп танылып, сот шешімімен 62,39 млн теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болған.
Айыппұлды толық өтегеннен кейін Сәкен Мұсайбеков саяси мансабын аяқтамастан үлкен спортқа қайта оралып, алдымен Қазақстан хоккей федерациясын басқарса, кейіннен «Барыс» хоккей клубының бас директоры қызметіне тағайындалған еді. Енді міне елдегі ең ірі өнеркәсіп орындарының біріне басшы болуға үміткерлер қатарында оның туған бауырының есімі аталып отыр.
Атырау мұнай өңдеу зауытының ықтимал басшысы Мұратжан Мұсайбековтің өзі бұл салаға жат адам емес. 1974 жылы туған ол экономика, құқықтану және химиялық технология бағыттары бойынша бірнеше жоғары оқу орнын тәмамдаған. Ол 2009 жылдан бері «ҚазМұнайГаз» құрылымында түрлі жауапты қызметтерді, соның ішінде мұнай өңдеу бағытындағы басшылық лауазымдарды атқарып, зауыттың басқарма құрамында да жұмыс істеген.
Соңғы жаңалықтар