Екібастұзда тұрғын үй ауласында оқушыны көлік қағып кетті
Екібастұз қаласында қайғылы жол-көлік оқиғасы болып, мектеп жасындағы бала қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 19 қыркүйек кешкі уақытта 8-шағынауданда болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бала тұрғын үй ауласында көлік қағуынан ауыр жарақат алған. Алайда алған жарақаты салдарынан оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның туыстары оқиғаға куә болған адамдардан көмек сұрап отыр. Баланың әпкесі Жансая әлеуметтік желі арқылы жол-көлік оқиғасын көрген немесе сол маңда болған адамдардың хабарласуын өтінді.
Оның айтуынша, оқиға шамамен сағат 20:00-де Әуезов көшесіндегі үйлердің бірінің маңында болған. Туыстарының сөзінше, көлікте екі қыз болған. Сонымен қатар олар екінші тараптың өз кінәсін мойындамағанын айтып, оқиғаның нақты қалай болғанын анықтау үшін куәгерлердің жазбалары маңызды екенін жеткізді.
Туыстары тұрғындардан ауладағы бейнебақылау камераларындағы, көлік тіркеу құрылғыларындағы немесе ұялы телефондардағы жазбалар болса, құқық қорғау органдарына немесе отбасы мүшелеріне ұсынуды сұрады.
Екібастұз қаласының полициясы аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтап, көлік жылдамдығын бақылауға шақырды.
Соңғы жаңалықтар