Атыраудағы жоғалған отбасы: ТЖД шұғыл мәлімдеме жасады
Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздеу жұмыстары тоқтатылған жоқ. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті тараған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, іздестіру жұмыстары тек жауапты мекемелер алдын ала айқындаған нақты аумақтарда ғана аяқталған, ал жалпы іздеу процесі толық тоқтатылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Ратбек Демеубергеннің мәлімдеуінше, департаменттің жеке құрамы қазіргі уақытта дайындық режимінде отыр.
«Іздестіру жұмыстары тоқтатылған жоқ. Полиция департаментінен түскен ақпаратқа сәйкес белгілі бір аумақтарда іздеу жүргізіліп, ол жерлер толықтай тексерілді. Қосымша деректер келіп түссе, іздестіру жұмыстары дереу қайта жандандырылады. Сондықтан “іздеу тоқтатылды” деген ақпаратпен келіспейміз», – деді ол.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 3–6 қаңтар аралығында Жангелдин ауылындағы жоғалған азаматтардың тұрғын үйі, елді мекен аумағы, сондай-ақ су көздері толық тексерілген. Сонымен қатар, басқа да құзырлы органдар қызметтік иттердің көмегімен қосымша тексеру жұмыстарын жүргізген.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір үйдің төрт адамы із-түзсіз жоғалғаны хабарланған болатын. Кейін 66 және 62 жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіті табылып, олардың балалары — Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр.
Аталған қылмыстық іс аясында үйдің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке халықаралық іздеу жарияланған. Сондай-ақ оның жұбайы, яғни Мұқанғалиевтер әулетінің кенже қызы Ақбаян да халықаралық деңгейде іздеуде.
Соңғы жаңалықтар