Ауыл шаруашылығы министрінің ұлы әкімнің орынбасары атанды

08.07.2026 15:00 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ауыл шаруашылығы министрінің ұлы әкімнің орынбасары атанды
420
Коллаж Politico.kz

Ақмола облысы Шортанды ауданы әкімінің орынбасары лауазымына Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың ұлы Айсұлтан Сейпелов тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz ФБРК-ға сілтеме жасап.

Жаңа қызметке дейін ол анасына тиесілі шаруа қожалығын алты жыл басқарған. Биыл маусым айында Ақмола облысы әкімдігіне ауыл шаруашылығы бойынша бас маман болып жұмысқа кірісіп, небәрі бір айдың ішінде аудан әкімінің орынбасары креслосына жайғасты.

Айсұлтан Сейпелов 1995 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Мағжан Жұмабаев ауданында дүниеге келген. 2018 жылы Канада университетін әлемдік экономика мамандығы бойынша, ал 2022 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін агрономия бағытында тәмамдаған.

Еңбек жолын 2019 жылы байланыс орталығының операторы ретінде бастаған. Одан кейін 2020–2026 жылдары анасы Ботагөз Сапарова ресми басқаратын "Сейпіл Мәлік" шаруа қожалығының басқарушы директоры болды. БАҚ-та аталған шаруашылықтың жерден басқа мүлкі де, техникасы да жоқ, сондай-ақ салық төлемдері де жасалмағаны жазылған еді.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, министрдің барлық туысы дерлік агробизнеспен айналысады. Айсұлтанның ағасы Нұрсұлтан, әкесі бірінші вице-министр болған кезде құрылған агрокомпанияның тең құрылтайшысы. Қарындасы Сұлушаш Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің жиеніне тұрмысқа шыққан. Күйеубаласы басқаратын компаниялар 2020 жылы мемлекеттен 53,5 млн теңге субсидия алған. Ал Айсұлтанның көкелері Алтынбек пен Қайырбек ұзақ жылдар бойы мемлекеттік келісімшарттар мен субсидиялар алып келе жатқан өңірдегі ірі астық компанияларына иелік етеді.

Айдарбек Сапаров биыл 60 жасқа толады. Оның еңбек жолы 1985 жылы есепшіліктен басталып, ондаған жыл бойы мемлекеттік қызметте өсті. ФБРК-ның пайымдауынша, жаңа буын билікке келгенімен, осындай тағайындаулар элитаның бұрынғы жүйесі мен таныс есімдердің әлі де сақталып отырғанын көрсетеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий