«Аузыма шайнап нан салған»: Мұхамеджан Тазабек 87 жастағы әжесімен жүздесті
Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек 87 жастағы кіші әжесіне қатысты естелігімен бөлісіп, желі қолданушыларының жүрегін тебірентті, деп хабарлайды Politico.kz
Ақынның айтуынша, ол бала күнінен әжелерінің тәрбиесі мен мейірімін көріп өскен.
«Әжемнің аты – Ұлбала. Ол атамның інісінің жары. Ол кезде енші бөлінбеген, бәріміз бір шаңырақтың астында өмір сүрдік. Мен үлкен әжемнің тәрбиесінде, ал осы кіші әжемнің қамқорлығында өстім. Бала күнімде аузыма шайнап нан салып, сүт беріп, мәпелеп өсірген жан. Анам жұмысқа кеткенде мені бағып-қаққан адам да – осы кісі», – деп жазды ол.
Мұхамеджан Тазабек бүгінде қартайып, әлсіреген әжесіне қолдан келгенше қызмет етуге тырысып жүргенін де атап өтті.
Бұл жазба желі қолданушыларының жүрегінен орын тапты. Көпшілік бейнежазбаға жылы лебізін білдіріп жатыр.
«Керемет әрі әсерлі көрініс», «Алтын әже, көзге жас келді», «Өте жүрекке жететін сәт. Мен де кішкентай кезімде әжемнің құшағында еркелеп өскенмін», «Үлкендердің батасы – өмірдің берекесі», – деп жазды оқырмандар.
Соңғы жаңалықтар