Айбек Барыс: Адал жолмен байымағандардың ұрпағына жаным ашиды
Елімізге танымал кәсіпкер, Kazakhstan Paramount Engineering компаниясының негізін қалаушы Айбек Барыс жуырда ғана «Әділет» партиясының қатарына қосылған болатын. Алайда, белгілі меценат бұл қадамының артында саяси лауазым немесе депутаттық креслоға ұмтылу мақсаты тұрмағанын кесіп айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Ulysmedia.kz порталына берген сұқбатында айтты.
Бизнес өкілінің пайымынша, ел игілігі мен отандық өндірісті дамыту үшін міндетті түрде депутат болу шарт емес.
«Кәсіби саясаткер болу – оңай іс емес, үлкен еңбек. Ірі кәсіп пен саясатты қатар алып жүру де оңай емес. Менде қазір 6-7 ірі жоба бар. Оның бәрін бітіру керек. Әр адам өзіне берілген қарым-қабілетті пайдаланып, қоғамға пайда әкелуі керек деп есептеймін. Кәсіби саясаткер саясатымен айналыссын. Ал біз өнеркәсіппен айналысып, үлкен нәтижелерге жетіп жатырмыз. Сол себепті әзірге бизнесте қалып отырмыз», – деді Айбек Барыс.
Бүгінгі таңда кәсіпкердің алдына қойған басты мақсаты — жобаларын сәтті жүзеге асыру арқылы 10 мыңға жуық қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Бизнес өкілі үшін басты құндылық — қаражаттың көлемі емес, әрбір ашылған жұмыс орнының артында тұрған отбасылардың әл-ауқаты мен мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығы.
«Қанша байысаң да, өз жұмсайтыныңнан артығын қайда жібересің? Екі немесе бес Айбек жоқ. Он үйде қатар тұрып, үш көлікке бір уақытта мініп, бес адамның тамағын бірден жей алмайсың. Маған яхтаның, жеке ұшақтың қажеті жоқ», – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ, кәсіпкер дүние мен дәулеттің өтпелілігіне тоқталып, өмірлік терең философиясын бөлісті. Оның пайымынша, ақша — біреудің бағына бұйырған несібе-ризық болса, енді біреудің тағдырына жазылған үлкен сынақ. Сондықтан да, қолдағы мүмкіндік пен байлықты жеке бас пайдасына ғана емес, қоғамның игілігі мен мұқтаж жандардың қажеттілігіне жарату — әрбір азаматтың басты борышы деп есептейді.
«Адал жолмен таппағаның түптің түбінде желкеңнен шығады. Бір күнде байығандардың талайын көрдім. Желкесінен шығып жатқанда бала-шағасын аядым. Ұрпағына жаным ашиды», – деді Айбек Барыс.
Соңғы жаңалықтар