Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы министрі қызметінде қалды

03.09.2026 13:22 Әсел МҰРАТ
Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы министрі қызметінде қалды
315
Фото: ашық дереккөз

Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы министрі лауазымын сақтап қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы 3 қыркүйекте тиісті Жарлыққа қол қойғанын Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының жарлығымен Айдарбек Сейпілұлы Сапаров Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми мәлімдемеде.

Кадрлық шешім шықпас бұрын бұл кандидатураны Құрылтай қарады. Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің отырысында депутаттар Сапаровты осы қызметке бекітуге келісім берді. Мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабына сай қаралды.

Айдарбек Сапаров бұл министрлікті 2023 жылдан бері басқарып келеді.

Айдарбек Сапаров кім?

Ол 1966 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 

Омбы ауыл шаруашылығы институтын, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1984 жылы совхоз бухгалтері болып бастаған.

  • 1992–1995 жылдары — Калинин атындағы шаруашылықтың зоотехник- орындаушысы, коммерциялық директоры.
  • 1995–2003 жылдары коммерциялық құрылымдарда қызмет етті.
  • 2003–2005 жылдары — «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары.
  • 2005–2006 жылдары — «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының бірінші орынбасары.
  • 2006 жылы — Ауыл шаруашылығы министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық басқармасының басшысы.
  • 2006–2008 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының әкімі.
  • 2008–2010 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі.
  • 2010–2011 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары.
  • 2011–2019 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары.
  • 2019–2022 жылдары — бірінші ауыл шаруашылығы вице-министрі.
  • 2022 – 2023 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған.
  • 2023 жылғы 4 қыркүйекте ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.
  • 2024 жылғы 6 ақпанда ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.

2026 жылдың 3 қыркүйегінде ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.

Войдите, чтобы оставить комментарий