Әйел бес жыл бойы күйеуінің аяқ саусағын тістеп, оны комадан шығарды
Қытай елінде махаббаттың құдіреті мен жар адалдығының арқасында өлім аузында жатқан ер адам есін жиып, тіршілікке қайта бейімделе бастады. Бес жыл бойы вегетативті күйде жансыз жатқан жарының күтімін жасап, оны оятудың сан түрлі амалын іздеген Сун Мэй есімді әйелдің табандылығы әлем жұртшылығын тәнті етуде, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы South China Morning Post басылымы жазды.
Бұл қайғылы жағдай 2019 жылдың қазан айында болған. Сун Мэйдің күйеуі Чжао Цзиньцянь биік қойманың шатырына шығып кеткен үш жасар баланы құтқармақ болады. Сәбиді қолына алған сәтте тепе-теңдікті сақтай алмай, шамамен алты метр биіктіктен жерге құлаған. Соққыдан баланы өз денесімен қорғап қалған Чжао бүлдіршіннің аман қалуына себепкер болғанымен, өзі бас-миынан ауыр жарақат алып, комаға түседі.
Сол қаралы күнсен бастап адал жары Сун Мэй күйеуінің жанынан бір елі ажырамады. Көз ілмей күтумен өткен түндерде тәулігіне үш сағаттан да аз ұйықтап, күн сайын жарына сыбырлап ән айтып, денесіне массаж жасауды тоқтатпады. Санасы сөнген жарының жанын ояту үшін ол барлық медициналық және психологиялық мүмкіндіктерді байқап көрді. Тіпті, үміті үзілуге шақ қалған сәттердің бірінде әйел ерекше әдіске көшеді. Ол күйеуінің аяқ саусақтарын ақырын тістеп, дененің ауырсыну сезімі арқылы жүйке жүйесін оятуға тырысқан. Жарының бойынан титтей де болса тіршілік нышанын күткен әйелдің бұл әрекеті мен төзімі, ақыры, 2024 жылы өз жемісін берді. Чжао көзін сәл ашып, айналасындағы жақындарына әлсіз белгі бере бастады. Кейінірек айтылған сөзді түсініп, қолын көтеріп ишарат жасауды үйренді. Уақыт өте келе өзгелердің демеуімен аз уақытқа аяғынан тік тұратын жағдайға жетті.
Бес жылдық бейнеттің ең ұлы сыйы 2026 жылдың 30 маусымында келді. Чжао есін толық жиған сәтте әйелінің құлағына сыбырлап: «Сун Мэй, мен сені жақсы көремін», – деп айтқан.
Жарты онжылдықты зарыға күткен адал жардың бұл сәтте қуаныштан көз жасы көл болды. Көп ұзамай Чжао қайтадан жазу-сызуды үйрене бастады. Оның ақ қағазға қалтырай отырып түсіре алған алғашқы әрі жалғыз сөзі – өзін өмірге қайтарған сүйікті жарының есімі еді.
Айта кетерлігі, бұл қасіретке дейін Сун Мэй мен Чжао өте қарапайым, бірақ бақытты өмір сүрген. Тұрмыстары бай болмаса да, олар айналасына шапағатын шашып, мұқтаж жандарға көмектесуге әрқашан дайын жүретін. Сун Мэй аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін сурет салуды үйретсе, жолдасы Чжао шалғайдағы таулы аймақта тұратын бір оқушының біліміне қаржылай демеушілік көрсетіп келген. Бұл ғажайып махаббат хикаясы әлеуметтік желі қолданушыларын қатты тебірентті. Желідегі қалың көрермен Сун Мэйдің шексіз адалдығы мен темірдей төзімін шынайы махаббаттың, асқан адамгершіліктің ең жарқын үлгісі деп бағалап, жылы лебіздерін жаудыруда.
Соңғы жаңалықтар