Әйелі көз жұмып, ұлы мүгедек атанған: Жол апатында барынан айырылған ер адам Президентке үндеу жолдады

05.04.2026 16:33 Арман Ермеков
Әйелі көз жұмып, ұлы мүгедек атанған: Жол апатында барынан айырылған ер адам Президентке үндеу жолдады
526
Жол апатында әйелінен айырылған Ержан Серіков КамАЗ иесін жауапқа тартуды сұрайды | Коллаж Politico.kz

Абай облысында жүк көлігімен соғылып, әйелінен айырылған және 2 жастағы баласы мүгедек болып қалған ер адам оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өткен жылдың қазан айында Абай облысында КамАЗ бен жеңіл көлік соғысып, салдарынан 31 жастағы әйелі Разия оқиға орнында көз жұмды. Оның 1,5 жастағы ұлы ауыр жарақат алып, бір көзінен айырылған. Қайғылы жағдай туралы 33 жастағы Ержан Серіков NewTimes.kz ақпараттық агенттігіне айтты.

Ержанның сөзінше отбасы Семейден Шульбинск кентіне қайтып келе жатқанда жол бойындағы өрлеу учаскесінде қарсы беттегі көліктердің жарығы көзін шағылыстырған. Ол ешқандай авариялық белгісіз тұрған жүк көлігін бірден байқамаған.

Анықталғандай Новошульбинск ауылынан Павлодарға бұршақ тиеп шыққан КамАЗ өрге шығар кезде сөніп қалып, артқа қарай сырғанаған кезде оның тіркемесі жеңіл көлік келе жатқан жолақты толық жауып қалған. Негізгі соққы жолаушылар отырған оң жаққа тиген.

Тергеу барысында жүк көлігін тізгіндеген Вячеслав Ефремовтің жүргізуші куәлігі мүлдем болмағаны белгілі болды. КамАЗ иесі Бауыржан Мұстафин оны интернеттегі хабарландыру арқылы тауып, құжаттарын тексерместен жұмысқа алған. Оқиғадан кейін 5 күн өткен соң кепілмен босап шыққан жүргізуші жәбірленуші тараппен байланысқа шықпаған.

«Мен әйелімді жерлеп жатқан күндері ол әйелімен некеге тұруға барған. Сотта Ефремов өзін ақтап, мені сағатына 200 шақырым жылдамдықпен келді деп айыптады, бірақ оған ешқандай дәлел жоқ», - деді Ержан Серіков.

Ер адам тергеу жұмыстары басынан бастап заң бұзушылықтармен жүргізілгенін және КамАЗ иесі істе тек куәгер ретінде өтіп жатқанын айтады. Жүк көлігінің иесі заңды түрде кәсіпкер ретінде тіркелмеген және сотта тек өз тіркемесінің бұзылғанына шағымданған.

Ержанның айтуынша прокуратура көлік иесіне қарсы істі қылмыс құрамы жоқ деген себеппен 2 рет жапқан.

Жәбірленуші тарап адвокаттары жүргізушіні 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанымен сот оған 2 жыл 6 ай жаза тағайындады. Қазіргі уақытта 2 жасқа толған Мансұр 2 ауыр ота мен бас сүйек трепанациясынан кейін оңалып келеді. Бас сүйегінің бір бөлігі алынып тасталған баланың жоғалған көзінің орнына протез қою қажет.

Банкте 10 миллион теңге несиесі бар және баласының еміне қаражат таппай қиналған әке бұл істі ІІМ Тергеу департаментіне беруді сұрап, еліміздің бас прокуроры Берік Асылов, Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Президентке үндеу жолдады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий