«Әйеліне де, балаларына да агрессия көрсеткен жоқ»: Сотта Сәрсемәлиевтің әкесі жауап берді

29.05.2026 12:27 Мөлдір Қайнар
«Әйеліне де, балаларына да агрессия көрсеткен жоқ»: Сотта Сәрсемәлиевтің әкесі жауап берді
2872
Фото: видеодан скриншот

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бүтін бір отбасының өліміне қатысты атышулы іс бойынша куәгерлерден жауап алу басталды. Іс бойынша басты айыпталушы – марқұмдардың күйеубаласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев, деп хабарлайды Politico.kz.

29 мамырдағы сот отырысында айыпталушының ата-анасы куәгер ретінде жауап берді. Сот залына алғашқылардың бірі болып Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі Самиғолла Сәрсемәлиев шақырылды. Сот барысында егде жастағы ер адамның есту қабілетінің нашарлағаны және аяғындағы жарақатқа байланысты әрең қозғалатыны белгілі болды.

Әкесі сот залына кірген сәтте Сұлтан Сәрсемәлиев көз жасына ерік берген. Алайда судья Зарема Хамидуллинаның жағдайын сұраған сауалына ол «бәрі жақсы» деп жауап қайтарған.

Сотта Самиғолла Сәрсемәлиев отбасында төрт бала тәрбиелегенін, Сұлтанның кенже ұлы екенін айтты. Сондай-ақ ол ұлының бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевамен қарым-қатынасына қатысты пікір білдірді.

«Ұлым балаларына да, әйеліне де ешқашан агрессия көрсеткен емес. Олардың арасында жанжал болған жоқ. Сұлтан отбасы мүшелеріне әрдайым сыпайы қарайтын», – деді айыпталушының әкесі.

Еске салайық, Сұлтан Сәрсемәлиевке Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Наурыз Мұқанғалиев және Мейрамгүл Қарабалинаның өліміне қатысты ауыр айыптар тағылып отыр. Іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында қаралуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий