Әйгілі әншінің бейнесі 200 теңгеде пайда болмақ
Қазақстан Ұлттық банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» және «Жүректен жүрекке» сериялары аясында жаңа коллекциялық монеталарды айналысқа шығаратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ертеңнен бастап бас банктің интернет-дүкені арқылы сатылымға түсетін бұл ақша белгілерінің бірі 1947 жылдан бастап Абай атындағы опера және балет театрында ән салған КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевқа арналып отыр.

Кеңес сахнасында Фигаро мен Абай партияларын орындап танылған лирикалық баритон иесінің портреті 200 теңгелік E. SERKEBAEV. 100 JYL монетасының бетіне арнайы бедерленген. Мельхиор қоспасынан құйылған салмағы 15 грамм және диаметрі 33 миллиметр болатын бұл туынды 7 мың дана таралыммен жарық көрмек.
Сонымен қатар ұлттық банк азаматтар назарына жылулық пен шынайы қамқорлықты білдіретін қазақтың байырғы сөзінің мағынасын ашатын AINALAIYN монеталарын ұсынып отыр.

Дизайнында құрақ көрпе мен шуақты күн бейнелі жүрек элементі біріктірілген бұл естелік бұйымдар екі түрлі нұсқада шығарылған. Оның алғашқысы 925 сынамалы күмістен құбылмалы кемпірқосақ реңкті қабат технологиясымен 3 мың данамен басылып шықса, екіншісі мельхиор қоспасынан 10 мың дана көлемінде дайындалған. Күміс ақшаның номиналы 1000 теңге көлемінде бекітілсе, мельхиор нұсқасы 200 теңгелік құнмен бағаланып отыр.

Қазақстан теңге сарайында соғылған бұл коллекциялық монеталардың барлық түрі ел аумағында төлем құралы ретінде қабылдана береді және оларды кез келген екінші деңгейлі банкте шотқа аударып немесе ұсақтап айырбастауға толықтай мүмкіндік бар.
Соңғы жаңалықтар