Айгүл Сайлыбаеваның өлімі: Бас прокуратура күдіктілер туралы мәлімдеме жасады
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Германияда аса қатыгездікпен өлтірілген қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ісі бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол Айгүл Сайлыбаеваның өліміне басты күдікті марқұмның күйеуі Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцова халықаралық іздеуде екенін ерекше атап өтті.
«Қазіргі уақытта еліміздің Ішкі істер министрлігі азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ресейге кұдіктілердің азаматтығын анықтау үшін халықаралық тергеу комиссиясын жібердік. Өздеріңіз білетіндей, Ресей Федерациясы да дәл біз сияқты өз азаматтарын бермейді. Азаматтықтары анықталған соң, олар тиісті жазасын алуы үшін істі Ресей тарапына жолдаймыз. Сондай-ақ, Ресей тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин бұл істі өз бақылауына алғаны туралы оқыдым», – деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Журналистер марқұмның туыстары істің ұзаққа созылғанына шағымданғанын, ал ресейлік тілшілер Александр Донцов пен Наталья Донцованың мекенжайын анықтағанын айтты.
«Біз тек ресми ақпаратқа сүйенеміз. Тергеу ісі тек ресми деректерге негізделеді. Ресми құжаттар түскен бойда шара қолданамыз. Істің нақты қанша уақытқа созылатынын әзірге айта алмаймын, бірақ жақын арада бәрі анықталады деп үміттенемін. Олар халықаралық іздеуде, қай елге барса да назарда болады», – деді ол.
Айгүл Сайлыбаеваның өлімі
Айгүл Сайлыбаева – Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының бұрынғы судьясы.
Ол 2024 жылдың маусым айында байланысқа шықпай, Германияда жоғалып кеткен еді. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген. Оның із-түзсіз жоғалғанына уайымдаған туыстары Айгүлдің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін екенін айтып, Франкфурт-на-Майндегі Қазақстанның Бас консулдығына жүгінген.
Сол уақытта оның енесі де жоғалып кеткен. Германия тергеу органдары енесін негізгі күдікті ретінде қарастырған.
Марқұмның денесі 2024 жылы 16 маусымда Бенсхайм қаласының шетіндегі Эрлахе карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Сараптама оның пышақ жарақаттарынан қаза тапқанын анықтаған. Сондай-ақ Айгүл Сайлыбаеваның жүкті болғаны белгілі болды.
Күдікке ілінгендердің қатарында марқұмның күйеуі Александр Донцов бар. Марқұмның анасы оның әйелінің жоғалғаны туралы полицияға хабарламағанын айтады. Тергеу мәліметінше, дәл осы адам мәйітті тасымалдауы мүмкін. Сонымен қатар ықтимал сыбайлас ретінде туысы Владимир Василенко да аталады.
Қазақстан ІІМ бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваны азаптау дерегі бойынша тергеуді бастаған. Қазақстанда марқұмның күйеуі мен енесіне іздеу жарияланған.
Кейіннен марқұмның күйеуі Александра Донцова мен оның анасы Наталья Донцова Мәскеу қаласында ұсталып, полицияға жеткізілгенін қазақстандық адвокат Мұрат Адам мәлімдеді. Оның айтуынша, Александра Донцова мен оның анасы Мәскеу қаласындағы құқық қорғау органдарына тапсырылған.
Кейіннен қазақстандық экс-судьяның өлімі бойынша күдіктілерді іздеуге Ресей араласты.
Соңғы жаңалықтар