Дана Медеуова «Қазақстан балалары» депутаттық тобына жетекші болды

Дана Медеуова «Қазақстан балалары» депутаттық тобына жетекші болды
Фото: «Әділет» партиясы

Құрылтай депутаты Дана Медеуова «Қазақстан балалары» депутаттық тобының жетекшісі болды. Топ балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығы мен тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелерімен айналысады, деп хабарлайды Politico.kz.

Дана Медеуова бұл туралы Орталық Азия елдерінің бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің «Балалар үні: ұлттық стратегиялар және қауіпсіз цифрлық орта» атты ІІ халықаралық форумында хабарлады.

Оның айтуынша, жаңа топ балаларды қорғауға бағытталған заңдарды жетілдіру үшін депутаттардың күшін біріктіреді.

– Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгін Құрылтай жанындағы «Қазақстан балалары» депутаттық тобының жұмысын бастауы осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығы мен тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелерін заң шығару қызметінде басты назарда ұстау, – деді Дана Медеуова.

Форумда балалардың интернеттегі қауіпсіздігі, жаңа технологиялардың олардың дамуына әсері және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, барлығына тең білім беру мәселелері талқыланды.

Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Закиеваның төрағалығымен өткен форумға Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Наджат Маалла Мджид, Орталық Азия елдері мен Финляндияның бала құқықтары жөніндегі уәкілдері, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу